Германияда тұрмыстық қалдықтар көбейіп кетті

Пандемия салдарынан Германияда тұрмыстық қалдықтар көбейіп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экологтар осыған алаңдаулы. Сондай-ақ олар немістердің жарамды азық-түлікті тонналап қоқысқа тастап жатқанын да айтып, мәселе көтерді. Енді осы ысырапқа қалай жол бермеу керек?

Германия тұрғындары айына 129 миллиард масканы қоқысқа тастап жүр. Пандемия кезінде елде тұрмыстық қалдықтар күрт артып кетті. Бұл – медициналық бетперделер мен қолғаптармен қатар тағамдар салынған қораптар мен тауар оралған қаптар. Локдаун кезінде немістердің көбісі қажетті заттардың барлығын онлайн сатып алатын болды. Супермаркеттер де көп қоқыс шығарады. Әр минут сайын 19 тонна азық-түлік тасталады екен. Белсенділердің айтуынша, бұл үлкен қателік. Өйткені орамасында жазылған жарамдық мерзімі бұл өнімнің тап сол күні бұзылатынын білдірмейді.  

Рафаэль Фелльмер, жобаның негізін қалаушы

– Біз азық-түлікті құртуға қарсымыз. Жобамыздың мақсаты – осындай ысырапқа жол бермеу. Сол себептен осының халыққа айтып, қоғамның бұл мәселеге назарын аудармақпыз. Әр адам осы ортақ іске қандай үлес қоса алатынын ойлансын.

Рафаэльдің өзі осындай азық-түлікті сатуға маманданған дүкендер жүйесін ашты. Супермаркеттер жарамдық мерзімі өткен тауарын оған беріп жүр. Ал ол оны арзан бағаға сатады. Берлинде осындай бес дүкені бар. Тұтынушыларының көбісі ақша үнемдеуден гөрі қоршаған ортаны қорғап қалғысы келеді.  

Рафаэль Фелльмер, жобаның негізін қалаушы:

БҰҰ, Еуропа және Германияның мақсаты – 2030 жылға дейін қоқысқа тасталатын азық-түлік мөлшерін екі есе қысқарту. Бұл бәрімізге де қатысты, өйткені жартысын жеке меншік үйлер шығарады. Азық-түлікті артығымен сатып алмай, тағамдарды үйлерде дайындау керек. Тіпті орамасында жарамдық мерзімі бітсе, оны тастамас бұрын иісі мен дәміне қарау керек.

Еуропада қоқыс шығару бойынша бірінші орында Дания тұр. Бұл елде орта шамамен әрбір адам жылына 844 келі қоқыс тастайды екен. Одан кейін Люксембург, Мальта және Кипр келеді. Бұл тізімдегі бесінші орындағы Германияның әрбір азаматы жылына 609 келі қоқыс шығарады.

Авторлар: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский