425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Локдаун ба, әлде вакциналау ма?

  • 423
  • UPD: 01:14, 29.06.2021

Мәскеуліктер толық локдаунға жабылады немесе жаппай вакцина алуы тиіс.

Өйткені соңғы аптада қаладағы ахуал айтарлықтай ушығып кеткен. Ауруханаға түскендер де, қауіпті инфекциядан көз жұмғандар да жетерлік. Осындай жағдайға байланысты бүгіннен бастап Мәскеуде жаңа шектеу шаралары күшіне енді. Енді мейрамханаға тек екпе салдырғандар ғана кіре алады.

Індеттің жаңа толқынына мәскеулік мейрамханалар дайын болмай шықты. Себебі көбі былтырғы локдауннан әлі ес жия алмай келеді. Сондықтан кафелердің біраз бөлігі жаңа шектеулер қарсаңында біржолата жабылуды жөн көрген. 

Мальвина Иванова, кафе меңгерушісі:

Бірінші кезекте қоғамдық тамақтану орындары зардап шегіп жатыр. Ережені біз шығарып жатқан жоқпыз. Біз не айтады, соны орындаймыз. Үкіметтің осындай шара қабылдайтыны әу баста-ақ белгілі болды. Енді келушілердің азаяры сөзсіз. Бірақ, ең бастысы, локдаун жоқ. Сондықтан біз қолдан келгенше жұмыс істеп жатырмыз. Алайда қиындықтар да жоқ емес. Қазір бізге азаматтардың екпе салдырып, қолдарында кюаркодтың болғаны керек болып тұр.

Жаңа шектеумен қатар, бизнеске жасалып жатқан бірқатар жеңілдік те бар. Мәселен, балалар мен жеткіншектер дәмханаларға QR-кодсыз кіре алады. Ал кіреберістегі орындарға кез келген адамның отыруына болады. Бірақ бұл мүмкіндік тек шілденің 12-сіне дейін ғана жалғасады.

Бұдан бөлек, QR-код режиміне толықтай көшкен мекемелер түнде де қызмет көрсете алады. Жалпы енгізілген шектеу шаралары тек тамақтану орындарына ғана қатысты емес. Екпе салдырмаған мәскеуліктер енді жоспарлы емделуден өте алмай қалайын деп тұр.

Коронавирусты басқаша жеңу мүмкін емес. Бірақ халықты вакцина алуға міндеттеуге өз басым қарсымын.

– Бір жағынан бұл дұрыс шешім. Себебі азаматтарды екпе салуға мейлінше ынталандыру қажет. Әйтпесе, індет ешқашан бітпейді. Екінші жағынан қабылданып жатқан ережелер түсінікті емес. Бәрін жақсылап түсіндіріп бергенде жаңа ережелерді сақтауға қатысты құлшыныс тәуір болар еді.

Мұның керегі қанша?! Оның саған тиер көмегі қандай? Ол туған-туыстарыңның өмірін қаншалықты сақтап қала алады? Осындай сұрақтардың жауабын естіген емеспін. Бар еститінім, мынаған тыйым салынады, мұны істеуге болмайды деген сөздер. Қабылданып жатқан шаралар дұрыс та шығар, бірақ әдістері көңіл көншітпейді.

Қазір Мәскеуде вирус жұқтыру деректері жағынан да, өлім-жітім көрсеткіші бойынша рекорд орнап жатыр. Осыған байланысты шаһар билігі тұрғындарға мәселені шешудің екі жолын ұсынды. Толық локдаунға кету немесе халықты тез арада жаппай вакциналап шығу. Осы орайда тұрғындар өз таңдауын жасаған секілді: Қазір вакциналау орталықтарында ұзынсонар кезек.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров

 

Телеканал Хабар 24