Қырғыз – Тәжік шекарасы қашан ашылады?     

Қырғыз – Тәжік арасындағы шекараны ашу туралы келіссөз жүріп жатыр. Баткен облысында болған әскери қақтығыстан кейін Қырғыз тарапы өз шекарасын жауып тастаған. Сол кездегі қарулы қақтығыста 36 адам қаза тапқан еді.

Биыл көктемде Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекаралық дау екі ел әскерінің қарулы қақтығысына ұласып кетті. Осыдан кейін қырғыз тарапы шекараны жабуды шешті. Екі ел арасында төрт ай бойы адам мен көлік қатынасы тоқтады. Қырғыз жағынан Баткен облысы, ал тәжіктерде Соғды облысы оқшауланып қалды.

Денис Бердаков, саясаттанушы:

– Ерте ме, кеш пе, бәрібір шекараны ашуға тура келеді. Шекарааралық сауда – Қырғызстанның да, Тәжікстанда да халқының әл-ауқатын көтерудің жалғыз жолы. Халықтың тұрмысы жақсарғанда ғана аймақта мықты әрі тұрақты билік орнату бойынша жұмыс бастауға болады.

Ауғанстандағы ахуалға байланысты Тәжікстанмен шекараны ашу мәселесі бірнеше айға кейін қалды. Орталық Азия елдері ең алдымен аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көңіл бөлді. Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымына мүше барлық ел шекаралық құрылымдардың дайындығын пысықтады. Сарапшылардың пікірінше, Қырғызстан шекарасының ашылуы бұл елдің кеденшілері мен шекарашыларының кәсіби біліктілігінің сынағына айналмақ.

Александр Зеличенко, «Орталық Азиядағы есірткі саясат орталығы» қоғамдық қорының директоры:

– Шекара ашылғанда, кез келген затты әкелуге болады. Бұл көлік дәлізі ғой. Жүк көліктерінің не тасымалдап жатқанын қайдан білесің. Қару-жарақ, есірткі әкелуі мүмкін. Әрине, мұның бәрін анықтайтын белгілі рәсімдер мен тетіктер бар. Бірақ оның қаншалықты тиімді екені белгісіз. 

Дегенмен екі елдің басшылары жоғары деңгейдегі кездесулерін тоқтатқан жоқ. Қарулы жанжал аяқталғаннан кейін бітімге келген қос тарап мемлекеттік шекараларды межелеу бойынша жұмыстарды үдете түсті. Қазіргі тұста 970 шақырымның бес жүз жиырмасы белгіленді.

Авторы: Бақыт Чермашев

Материалы по тегу