Солтүстік Ирландияға қатысты келіссөз тағы сәтсіз аяқталды

Әңгіме автономия туралы хаттамаға қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солтүстік Ирландияға қатысты Ұлыбритания мен Еуроодақ арасындағы келіссөздің кезекті кезеңі сәтсіз аяқталды. Келісімшартқа сәйкес Солтүстік Ирландия Еуроодақтың кедендік одағына мүшелік ете береді. Келісімнің сақталуын Еуропалық сот қадағалайды. Алайда бұл Ұлыбританияның көңілінен шықпай отыр. Бұған жауап ретінде Лондон келісімді тоқтату туралы 16 бапты қолданатынын ескертті.

Дэвид Фрост, Ұлыбританияның brexit сұрақтары жөніндегі министрі:

– Біз бүгін келісімді тоқтату туралы 16 бапты қолданбаймыз. Алайда ол шілдеден бері қызу талқыланып жатыр. Өйткені келіссөздерге берілген уақыт аяқталып қалды.

Марош Шевчович, Еурокомиссияның вице-президенті:

– Біз 16 бап туралы жиі естиміз. Ол қолданылған жағдайда салдары ауыр болуы мүмкін. Ұлыбритания үкіметін тағы да бізбен адал серіктестік орнатуға шақырамыз.