380.89 423.60 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Сарапшылар: Антиквариат жинаудың пайдасы алтын жинаудан кем түспейді

  • 194
  • UPD: 23:27, 24.03.2019

Егер үйіңізде бірегей ескі кітап болса, одан құтылуға асықпаңыз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені бір күні оның бағасы сіз ойлағаннан да қымбат болып шыға келуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде антиквариат жинаудың пайдасы алтын жинаудан кем түспейді.

Ұлттық кітапхана қорындағы ең кішкентай кітап сақинаның көлемімен бірдей. Бірақ бұл кітапты кімнің, қашан әкеліп өткізгені белгісіз. 18-19-ғасырға жататын бұл қолжазба – Құран кәрім.

Толқын Зәмзаева, ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі:

- Бұл қолжазбаның көлемі 1 см/1,5 см. Өзі кіп-кішкентай. Ол көбінесе тұмар ретінде таситын. Мінеки, осындай. Және де күміс қорапқа салынған. Қораптың құлпы болған, бірақ ол біздің заманымызға дейін жетпеген болатын.

Жыл өткен сайын әлем ғалымдарының назарын өзіне аударып отырған қолжазбаның салмағы – 7 келі. Бұқаның терісімен қапталып, өте сапалы қағазға жазылған бұл жалғыз тұпнұсқа – ұлт құндылығы.

Толқын Зәмзаева, ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі:

- Алдымыздағы қолжазба парсы ақыны Фердаусидің «Шах-наме» шығармасының орта ғасырлық түркі тіліне аударылған немесе шағатай тіліне аударылған нұсқасы. Бұл қолжазба 18-ғасырдың басында жазылған болатын.

Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Ы.Алтынсариннің сирек кездесетін қолжазбаларын сақтап келе жатқан  Қазақстанның Ұлттық кітап палатасында да мұндай қолжазбалар жетерлік. «Ең бастысы, оларды дұрыс сақтай білу», – дейді мамандар.

Гүлзада Нұрәлиева, Баспа өнімдері мерзімді мұрағатының бөлім басшысы:

- 18-20 градуста сақталуы керек. Жарықтығы, әрбір баспа өнімдерін кейде сұраныстарға алған кезде өте жарыққа шығаруымызға да болмайды. Баспа мұрағаттың өзінде сақталып тұрған кездің өзінде де терезелері, есіктері күннің сәулесін түсіруге болмайды.

Сирек кітаптар немесе қолжазбалар коллекционерлердің ең ұтымды табысы болып табылады. Мысалы, 18-ғасырдағы құранның қолжазбасы  25 млн теңгеге бағаланады. Бірақ бірегей жазбалар қатаң Мемлекеттік бақылауда. Сондықтан еліміздің қорында сақталып жатқан әрбір кітап – баға жетпес қазына!

Авторлары: Алуа Маханбет, Валентин Лобанов, Сержан Жұмабаев

Телеканал Хабар 24