377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Түркістан облысында шебер ауыл жастарын ұлттық қолөнерге баулымақ

  • 236
  • UPD: 23:27, 24.03.2019

Түркістан облысының Сарыағаш қаласында ағаштан аспап ойып, ата кәсібімізді қайта жаңғыртқан, оны кәсіпкерлікпен үйлестіріп келе жатқан Нұржан Қарсыбаев есімді шебер тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ол ағаштан домбыра, қобыз секілді саз аспаптары мен тұрмыстық заттар жасайды. 

Шебердің қолына тиген доғал ағаш әп-сәтте осындай әдемі, зерлі бұйымға айналып шыға келеді. Арнайы станкотың көмегімен ең тез жасалатыны – сусынға арналған кесе. Ал ағаш астау мен тегенеге уақытпен бірге икем және асқан ептілік қажет. Олардың пішіні де түрліше. Мұндайда шебер шот пен үскі, қашаудың сан алуан түрін қолға алады. Қашалып, дайын болған бұйымдардың сырты қазақы ою-өрнекпен әспеттеледі.

Нұржан Қарсыбаев, ағаш шебері:

- Сандық, асадал, кебеже болсын, қобыз, домбыра болсын, оның бәрін ата-бабамыз жасап кеткен. Қазір біз соны сұранысқа байланысты әрлеп, әсемдеу жағынан, көз тартатындай етіп жасап жатырмыз.

Нұржан шебер жуырда тағы бір ұлттық қазынамыз бесікті жаңаша ою-өрнекпен жасап шықты. Оның басты ерекшелігі, ағаштан тұтас шабылған. Тағы бір айырмасы, ою-өрнегі қазіргі құр бояу емес, бесіктің сүйегіне қашалып бедерленген.

Нұржан Қарсыбаев, ағаш шебері:

- Неге қазақы өрнекте болмасқа деп жақын арада осы бесікті жасадым. 4 бөліктен тұрады. Ойлағынымды сызып, жаңа бір өрнек қостым.

Шебердің өнегелі ісін үйреніп, оған қолғабыс жасап жүрген ізбасарлары жетерлік. Солардың бірі – Нұрсұлтан. Бес жылдан бері шеберханада жұмыс істеп, осы өнердің қыр-сырын үйренумен келеді. Қазірдің өзінде көп бұйымдарды өзі жасай береді. Талапты жас жуырда облыста өткен байқауда «Жас қолөнер шебері» атағына ие болды.

Нұрсұлтан Қарсыбаев, шебердің шәкірті:

- Әр істеп жатқан жұмысыңа сабырлылықпен, сондай бір ықыласпен қарасаң, әр затың сұлу болып шыға келеді. Біткен кезде істеген затқа қарап қуанасың.

Нұржан ата кәсіпке негізделген инновациялық жобасының арқасында мемлекеттен грант жеңіп алды. Қайтарымсыз қаржыға бірнеше ағаш жонатын қондырғы әкеп орнатты. Қазір шеберханасында 7 адам жұмыс істейді. Олар еңбегіне қарай тәп-тәуір табыс табады. Шебер енді ұстаханасын кеңейтіп, өзге де ауыл жастарын ұлттық қолөнерге баулуды ниет етіп жүр.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Телеканал Хабар 24