384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Түркістанда Наурыз мерекесіне 20 мың адам жиналды

  • 1372
  • UPD: 23:18, 21.03.2019

Биыл Түркістан облысының жұртшылығы алғаш рет Ұлыстың ұлы күнін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында қарсы алды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жыл басына жергілікті жұрт мықтап дайындалған. Жағалай қонған киіз үй, әрленген, сәндеген көше мерекенің әрін кіргізіп тұр. Шымкентте мерекелік көңіл-күй анық сезіледі. Шаһар халқы Әз-Наурыздың бастауы деп «Сейіл Қошқар ата» көктем фестивалін ұйымдастырды.

Бүгін киелі өңірдің халқы таңмен таласа тұрып, мерекелік шаралар өтіп жатқан орталығындағы Есімхан алаңына, одан кейін ақшаңқан киіз үйлер тігілген кесененің маңындағы этноауылға  жиналды. Сондай-ақ бүгінгі іс-шараға өңірге белгілі өнерпаздар, студент жастар мен мыңға тарта мектеп оқушысы қатысты.

Алдымен мерекеге жиналған халық Есімхан алаңында тіршіліктің бастуы – көктемнің көрінісіне арналған «Наурыз думан» театрландырылған  қойылымын тамашалады. Одан кейін түркі халықтарының «Наурыз» керуені орталық көше бойымен жүріп өтіп, этноауылға келеді. Сән-салтанаты жарасқан, сал-серілерден құралған керуен халыққа Наурыз мерекесінің келгенін паш етті.

Жалпы Наурыз бүкіл Шығыс халықтарына ортақ мереке болғандықтан, Түркістандағы той түркі халықтарына, түркі дүниесіне лайықталып жасалды. Қазақша күрес, арқан тартыс, қошқар көтеру, асық ату, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындар Наурыз-думанның ажарын ашып, салтанатына сән берді.

Айдос Мадихан, 5 сынып оқушысы:

- Бізге Наурыз мейрамы ұнады. Біз бұл жақта көптеген ойындар ойнап жатырмыз. Тоғызқұмалақ, асық, ханталапай сияқты ойындар ойнап жатырмыз.

Әділхан Арынов, Түркістан қаласының тұрғыны:

- Бүкіл халықтың бәрі қуанып жатыр. Күн мен түннің теңелген кезі дейді. Қаламызда керемет Наурыз өтіп жатыр. Ұлттық тағамдар таратылды.

Киіз үйлерден бөлек қарапайым халыққа арнап ашық аспан астына арнайы дастархан жайылды. Облыс тұрғындары мен қала қонақтары наурыз көже, палау сияқты тағамдарды тегін ішіп-жеп, алғыстарын айтты. Көл-көсір ас-ауқат Наурызды тамашалауға келген барлық халыққа молынан жетті.

Асылхан Темірхан, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы дастархан мәзірінде 1,5 мың литр көже таратылады деп күтілген, бірақ 2 мың литр көже таратылды. Жалпы 15-20 мыңға жуық халық жиналды.

Одан бөлек, Арбат алаңында түркітілдес халықтардың қолөнер шеберлері жасаған түрлі ұлттық бұйымдардың, суретшілердің және ұлттық тағамдардың көрмесі ұйымдастырылады. Әжелер ұмыт бола бастаған жіп иіріп, жүн түту, келі түйіп, талқан тарту сияқты салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртты.

Қойсынай Серікбаева, Төлеби ауданының тұрғыны:

- Көңіл-күй сыйлап жатыр. Көрмелері қандай жақсы, халқымыздың қолөнерінің дамығанын, мәдениетінің артқанын көрдік. Елбасымыздың халықты осыншама дәрежеге жеткізгенін көрдік. Ризамыз. Мемлекетімізге ризамыз осыншалықты халыққа көңіл-күй сыйлап жатқан.

Шымкент жұрты да Әз-Наурызды ерекше етіп тойлады. Мерекенің бастауы ретінде Шымшаһарда дәстүрге айналған «Сейіл Қошқар ата» көктем фестивалі ұйымдастырылды. Қошқар ата өзенінің жағасына жиналған қала тұрғындары мен қонақтары наурыз көжеден дәм татты. Бұл күні білекті жігіттер ұлттық ойындарға қатысып, боз кілем үстінде күш сынасты.  70-80 келі шығатын қошқарды екі иығына салып көтерген кіл мықтылар ішінен үздіктер анықталды. Жеңімпазға асылтұқымды Шопан ата сыйға берілді. «Сейіл Қошқар ата» көктем мерекесі соңғы рет жүз жыл бұрын тойланған. Ертеректе ата-бабаларымыз өзен маңына жиналып, құрбандық шалып мерекені думандатқан.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Нұрбек Байбосын, Ерболат Әбіш

Телеканал Хабар 24