378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Ақмола облысында жабағы үйрету эстафетасы өтіп жатыр

  • 191
  • UPD: 08:11, 22.03.2019

«Тай – атқа, ат – мұратқа жеткізер».

Ақмола облысында дәл осындай атаумен жабағы үйрету эстафетасы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі мұрындық болған іс-шара осыған дейін Зеренді, Атбасар, Біржан сал аудандарында өтсе, кеше Бұланды ауданында ауқымды деңгейде ұйымдастырылды.

Айта кетейік, бұл шара Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған атқа міну мәдениетін жаңғырту мақсатында қолға алынған.

Жабағы үйрету сайысы Жаңаталап ауылында өткізілді. Оның өзіндік себебі бар. Өйткені бұл ауыл бұрыннан жылқы бағады. Әрбір екінші үйде бірнеше аттан бар. Ал асау тайларды ауыздықтауға 12 оқушы қатысты. Ереже бойынша бала жабағының үстінде кемінде 5 минут отыруы тиіс. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Тек мықтылар ғана тулаған тайдың мысын баса алады.

Дәулет Ермек, жарысқа қатысушы:

- Жабағы үйретуде тақымың мықты болуы керек. Мен жабағыға 7 сыныптан бастап мініп жүрмін. Қазір 9 сыныптамын. Жабағы өте асау болды. Жабағыға мінген кезде тақымыңды берік ұстап, үстінде қорықпай шапсаң, жабағы қорқып, өзі басыла қалады, мөңкігенін қояды. Ал қорқып, өзің шошынып отырсаң, жылқы сезеді де одан әрі мөңки бастайды.

Бір қуантарлығы, қатысушылардың арасында тек ауылдың емес, қаланың да балалары болды. Оларды бұл сайысқа атқа деген қызығушылықтары алып келген. 

Назар Оралбек, жарысқа қатысушы:

- Мен негізі бала кезімнен атқа құмар болдым. Ол арманым жақында орындалды. Қазір үйде жылқы ұстап, бәйгеге жылқы дайындағым келеді. Бұрын жылқы болған жоқ. Ағаларымның жылқыларын мініп, үйретіп жүретінмін. Сол ағаларыммен бірге саятшылыққа шығып келемін. Аңға шығамыз, қыдырамыз. Жылқы мінгенде дала қанша аяз болсада адам тоңбайды екен.

Жарыс қорытындысы бойынша Жаңаталап ауылының оқушысы Дәулет Ермек сайыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Оған демеушілердің атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Жомарт Нұркенов, Бұланды ауданының әкімі:

- Енді бұл эстафетаны біз Біржан сал ауданынан алдық. Тай үйрету эстафетасы. Енді бұның бәрін біз Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жасап жатырмыз. Осы эстафетамызды ары қарай басқа да аудандар жалғастырсын деп айтып жатырмыз. Осы эстафетаны Есіл ауданы мен Жарқайың ауданына тапсырып отырмыз. Осындай шараларды өткізсін деп.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған сайыс балалардың жігерін жанып, рухын көтереді. Әрі асқан ептілік пен шыдамдылыққа тәрбиелейді. Ал, ең бастысы, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылық сіңіріледі.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Телеканал Хабар 24