379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Қазақстандықтар Астана атауын ауыстыруға қатысты пікір білдірді

  • 366
  • UPD: 23:21, 22.03.2019

Қазақстан халқы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыстарын әлі де айтып жатыр. Еңбек ұжымдары, жастар ұйымдары және кәсіпкерлер Елбасының мемлекет дамуына қосқан үлесін айрықша атап өтті. Сондай-ақ елордаға Нұр-Сұлтан есімін беру жөнінде пікір білдірді.

Бүгінгі елорда мен кешегі Целиноград немесе Ақмола шаһарының айырмашылығы орасан. 20 жылдың ішінде Сарыарқа төсінде жас әрі жасампаз қала бой көтерді. Құрылысын тұңғыш президент жеке бақылауында ұстап, атын әлемге мәшһүр етті. Бас шаһар көрсе көз қуантарлық дәрежеде.

Төлеген Құнәділов, қалалық кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары:

- Мен бастапқыда, яғни 1995 жылы бұл қалада тұрғындардың қалай өмір сүргенін көрдім. Содан бері жағдайдың күрт өзгеруіне Елбасы тікелей ықпал етті. Сондықтан Қазақстан азаматы ретінде астананың атауын өзгерту туралы бастаманы қолдаймын. Сол арқылы Тұңғыш Президентке деген алғысымызды жеткізе аламыз.

Қазақстанның астанасын Елбасының есімімен атауды Шымкенттегі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен түрлі этно мәдени бірлестіктердің мүшелері де қолдады. Олардың айтуынша, бас қала - Елбасының қайталанбас қолтаңбасы.  

Талғат Ысқақов, кәсіпкер:

- Кәсіпкерлерді қолдап, соның бір шарапатын көрген азаматттың бірі ретінде Астанамыздың атын «Нұр-Сұлтан» есімімен атау туралы шешімді мен қуаттаймын. Қолдаймын. Өйткені Елбасымыздың елге қазақтың еліне сіңірген, біздің Егемендігімізге сіңірген еңбегі ерекше деп ойлаймын.

Жұмағали Білісбеков, қалалық азаматтық альянс қауымдастығының төрағасы:

- Астана қаласын «Нұр-Сұлтан» деп қойғанына үлкен қолдау көрсетіп жатырмыз. Бұл қазақта бұрыннан келе жатқан ежелгі дәстүр ғой. Бағалай білгенге бақ қонады деген. Елімізге бақ қонсын. Соны тілейік. Елдің тыныштығын тілейік.

Астана атауын өзгертуге қатысты шығысқазақстандық еңбеккерлердің пікірі де осыған саяды. Өндірісті өңір халқы елорда бастауында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тұрғандықтан, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы құптарлық екенін айтады.

Надежда Шушаникова, лингвистикалық орталық директорының орынбасары:

- Астанаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі беруді толықтай қолдаймын. Ол бұған лайық. Өйткені ұлы адам, есімін тарих беттерінде алтын әріппен жазуға болады.

Елорда атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгертуге алматылықтар да өз пікірін білдірді. Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінің  профессоры Хангелді Әбжанов астанаға  Тұңғыш Президенттің есімін беру - оның тәуелсіз Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуына жасаған ерең еңбегін елеп, әлем алдындағы беделін айқындау дейді.

Хангелді Әбжанов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры:

- Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп атаған шешімді мен өз басым дұрыс деп шешемін. Өткені, бұл біздің тұңғыш Президентімізге көрсетілген құрмет. Оның тарихи еңбегін бағалай білу. Бұл Елбасының  өте жоғары беделін көрсетеді және Отан алдындағы еңбегін  дұрыс бағалаған деп білемін мен.  Екінші жағынан осындай құрмет көрсетумен біз қарапайым адамдарға да үлгі көрсетіп жатырмыз. Еңбегі бар адам, елеусіз қалмайды деген.

Астана атауын өзгертуге қатысты үкіметтің заң жобасы конституциялық кеңестен өтті. Жоғарғы орган ұсыныстың Ата Заң талаптарына сәйкестігін тексеріп, шешімін жариялады.

Үнзила Шапақ, ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі:

- Бұл қорытынды президенттің қолына барғаннан кейін, 91 ші бапта президенттің құзыры бар. Бұл құзыр заң жобасын референдум арқылы қабылдаймыз ба әлде парламент арқылы қабылдауға бола ма деген құзыр. Президент бұл заңның жобасын қарай отырып, парламент арқылы талқылауға берді. Ал парламент заң шығарушы орган, ол өзінің шешімін қабылдады. Сондықтан Астананың атауын ауыстыру бойынша жасалынған үдеріс конституциялық заңдарға сәйкес келеді.

Осылайша Конституциялық кеңес тарапынан Президент пен үкімет бастамасы жан-жақты талдаудан өтті. 

Авторы: Рауан Мыңбаев

Телеканал Хабар 24