379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Жетісу өңірі тәуелсіздік алғаннан бері зор жетістіктерге жетті

  • 244
  • UPD: 22:52, 25.03.2019

Жер жәннаты – Жетісу жері тәуелсіздік алғаннан бері зор табыстарға қол жеткізді. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде тұралап қалған кәсіпорындар мен зауыт-фабрикалар қайтадан ашылып, өндіріс көлемі 100 миллион теңгеден 880 млрд. теңгеге жетті. Тіпті сол қиыншылық кезеңде қосылған Нарынқол мен Кеген ауданы қайта бөлініп, шекара шебіндегі елді мекендердің тамырына қан жүгіре бастады.

Наталья Белик 23 жыл бұрын Талдықорғанға азаматтық соғыс өрті тұтанған мемлекеттердің бірінен көшіп келген. Ол уақытта бұл қаланың жағдайы мәз емес еді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті жүргізген сарабдал саясаттың арқасында Талдықорған бұл күнде түрленіп, адам танымайстай өзгерді дейді ол.

Наталья Белик, қала тұрғыны:

- Біз көшіп келген жылы Талдықорғандағы көптеген үйлер қаңырап бос тұрды. Себебі ол ел ішін жоқшылық пен жұмыссыздық жайлаған кез еді. Уақыт өте келе көркі көз тартатын әсем қалаға айналды. Бұған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Талдықорғанға Алматы облысының орталығы мәртебесін бергізуі оң әсер етті.

Осылайша қалада жаңа шағын аудандар бой көтеріп, онда көптеген әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асуы арқасында мыңдаған отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Тоқырау кезеңінде тұралап қалған Көксу, Ақсу қант зауыттары іске қосылып, қант қызылшасын өсіру, оны өңдеу жұмыстары қайта жандана бастады.

Тәңірберген Қасымберкебаев, «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының» директоры:

- Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына, оның сыртқы-ішкі саясатына және экономиканың дамуына үлкен ерекше еңбегі зор. Соңғы жылдары, осы 20 жылдың ішінде Қазақстанның экономикасы қарыштап дамыды.

Жанатбек Сарғалдақов, кәсіпкер:

- Мына біздің Алматы облысының өндіріс көлемі тоқсаныншы жылдың басында 100 млн., теңге ғана болса, бүгінгі таңда 880 млрд. теңгеге жетіп отыр. Ол да бір жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. ВВП тоқсаныншы жылдардың басында 6,3 млрд. теңге болса, бүгінгі күнде 2 трлн теңгеге жетіп отыр. Соның арқасында бүгінгі күнде кәсіпкерлер өз кәсіптерін жақсы дөңгелетіп, жақсы деігейде жүргізіп жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен өткен жылы кезінде қосылып кеткен Райымбек ауданы екі әкімшілік орталыққа бөлінді. Осылайша Нарынқолға қайтадан аудан орталығы мәртебесі берілді. Шекара шебіндегі елді мекендердің халқы бұл үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне дән риза. Өйткені кезінде тоз-тозы шыққан ауылдан қалаға үдере көшкен тұрғындар туған жерге қайта орала бастады. Жаңа жұмыс орындары ашылған соң жастар да көптеп келіп жатыр. Өткен жылы Нарынқолда жас мамандарға арналған 20 үй пайдалануға берілді. Ал биыл осындай 80 үй салынатын болады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Телеканал Хабар 24