389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Алматылық шебер құрақ құрауды үйрететін курс ашты

  • 1123
  • UPD: 08:21, 26.03.2019

Алматылық Гүлмира Уәлихан жеті жылдан бері өзінің сүйікті ісімен айналысып келеді.

Қазақстанда құрақ көрпе тігуді қайта жаңғыртқан оның бүгінде тапсырыспен жастық, көрпе тігетін үлкен шеберханасы бар. Бұйымдарды тігу үшін ол сирек кездесетін сапалы маталарды әлемдік нарықтарынан іздеп, сатып алады.

Гүлмира Уәлихан бала кезінде дизайнер болуды армандайды. Алайда ата-анасы қаржылық білім алуды талап етеді. Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірген ол көп жылдар есепші болып қызмет етеді. Төртінші баласына жүкті болып, демалыста отырғанда ғаламтордан құрақтан жасалған бұйымдарды көріп, көз тартар дүниелерді жасап көруге бел буады. Аз уақытта ұлттық өнерді меңгерген ол бүгінде сұранысқа сай бұйымдарды шығарады.           

Гүлмира Уәлихан, шебер:

- Қазір біз тек құрақ көрпелер тікпейміз, жастықтар тігеміз, дорбалар тігеміз. Қазақстаннан ғана емес, шетелден де көп адамдар сатып алады.

Қазақстанда құрақ көрпе тігетіндер көп емес. Табандылығының арқасында қолөнердің қыр-сырын меңгерген Гүлмира ресейлік, америкалық мамандардан да кеңес алған. 3 жыл бұрын ол тігін машинасына отырудан бастап, құрақ құрауды үйрететін курс ашады. «Құрақ құрау үшін түстердің үйлесімін білу аз, математикалық дәлдік те қажет», – дейді шебер. Бүгінде ол 1000-нан аса әйелді қолөнерге баулыған.

Әлия Алимова, қолөнер үйренуші:

- Қазақ халқының салт-дәстүрі ары қарай дамысын деп, әйелдерді, қыздарды осы өнерге үйретеді. Мен өте қуаныштымын. Алла разы болсын Гүлмираға. Көрпенің әрбір элементінен бір көрпе жасаймыз. Одан кейін өзіміз көрпе істей аламыз.

Гүлмира – тек табысты кәсіпккер ғана емес, төрт ұл мен бір қызды тәрбиелеп отырған көп балалы ана. 7 айға енді толған Әсиясын өзімен бірге жұмысқа апарады. Ұлдарының бірі бокспен айналысса, бірі ән салуды жанымен жақсы көреді.

Гүлмира білгенімен бөлісіп қана қоймай, айналасына жиі көмек қолын созып тұрады. 100-ден аса зейнеткер, көп балалы ана мен жағдайы төмен әйелдерді тегін оқытып, қолөнермен айналысуына мүмкіндік жасаған.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Анастасия Вылегжанина, Қанат Қаматаев

Телеканал Хабар 24