379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Қаламқас кен орнындағы өртпен 83 адам күресіп жатыр

  • 248
  • UPD: 09:25, 27.03.2019

Маңғыстау облысындағы Қаламқас кен орнынан шыққан өртті сөндіруге Атырау облысынан қосымша 7 техника жеткізілді.

Арасында секундына 200 литр су шашатын авткөліктер де бар. Қазір апат орнында 27 техника мен 83 адам тілсіз жаумен күресіп жатыр. Қызыл отқа жақындау мүмкін болмағандықтан мамандар кеше өрт сөндірудің тактикасын өзгертті. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін жерді қазып, жол салынып жатыр. Қазір апатқа байланысты бірнеше құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылды. Олар апаттың шығу себебін, келтірілген шығын мен қоршаған ортаға келген залал көлемін анықтамақ. Ал Маңғыстау аудандық полиция басқармасы жер қойнауын пайдаланушы компанияға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Жақып Марабаев, «Қазмұнайгаз» ҰК Басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл мұнайгаз кеніштерінде жиі болатын әдеттегі жағдай. Өрт шалған ұңғыма әлі іске қосылмаған, қазылып жатқан кезде апатқа ұшырады. Қай жерде қандай қателік кеткенін арнайы тексерістен соң анықтайтын боламыз. Барлығына осында жұмыс істеп жатқан «Су бу» компаниясы жауапты болады.

Руслан Төкенов, облыстық экология департаментінің басшысы:

- Қоршаған ортаға елеулі зиян келетін жағдайлар орын алған жоқ. Өйткені Каспий теңізінің өзі апат болған орыннан 45 шақырым қашықта орналасқан. Яғни дамбысы бар. Қазір Каспий теңізіне судың төгілу қаупі төніп тұрған жоқ. Сонымен қоса басты назарға алатын мәселе ол жерде жерасты суы ғана газ аралас төгілуде. Мұнай төгілу фактілері орын алып отырған жоқ.

Телеканал Хабар 24