379.41 429.60 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Орал маңындағы Ветелки ауылына көктем мен күзде қатынау мүмкін емес

  • 131
  • UPD: 11:56, 27.03.2019

Шешімін таппай жүрген әлеуметтік мәселелерді айтып біздің арнамызға шағымданатын тұрғындар аз емес. Солардың бірі Орал қаласына қарасты Ветелки ауылының тұрғындары. Жолдың жайсыздығынан аталған ауылға көктем-күзде қатынау мүмкін емес. Ондай уақытта оқушылар мектепті ұмытады, жедел жәрдем сырқаттарға жете алмайды.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Біздер қазір Ветелки ауылының қасында тұрмыз. Орал қаласының Деркөл шағын ауданына қарасты бұл елді мекенде 500-дей тұрғын мекендейді. Облыс орталығына тиіп тұр. Небәрі 5 шақырым жерде. Алайда осы ауылдың қазіргі тыныс-тіршілігіне қарап, шам жарығы түбіне түспейді деген мақал еріксіз еске оралады. Себебі ауылдың өзекті мәселелері шаш-етектен. Жол жоқ. Сол себепті қоғамдық көлік жүрмейді. Ауыз су сапасыз. 

Дегенді айтып арнамызға хабарласқан еді тұрғындар. Ақиқатына көз  жетті. Ауылға оңайлықпен бару мүмкін емес екен. Әуелі қызметтік көлігіміз балшыққа бауырлап қалды. Оны итеріп,  киімнің бәрін бүлдіріп, малмандай болдық. Ат ауыстырып көргенбіз. Ол да болдырды. Ақыры 4 көлікке тақым арта жүріп, әупірімдеп әзер жеттік.

Жанна Қарағаева, ветелки ауылының тұрғыны:

- Көрген күніміз осы. Жыл сайын уәде береді. Даже әкім келіп уәде берді. Ешқандай жолды жасамайды. Оқушылар балшық болса сабаққа келе алмайды. Айналдырған 5 шақырым, соған жол салуға болады ғой. Асфальт сұрамаймыз, құрығанда қиыршық тас төсеуге.

Мария Семғалиева, ауыл тұрғыны:

- Мынадай балшықта студенттер бар, жұмысшылар бар,  қанша адам бар, пенсионерлер пенсиясына бара алмайды. Не автобус жоқ бөлінген.  Балшықта ешқандай көлік қатынасы жоқ. Таксилер айтып жатыр, екі мың сұрайды деп.

 Ауылдағы тағы бір өзекті мәселе - ауыз су. Көшенің  шетіндегі жалғыз құдық аңғал-саңғал ашық жатыр. Алған судың түбіне төрт елі боп лай тұнады екен. Түрлі бактериялардың табылған кезі де бопты.

Клара Ғұбайдуллина, ауыл тұрғыны:

- Ескі құдық баяғы замандағы, 60 жыл болған ба. Оны ешкім келіп тазартпайды, ешкім келіп бетін жаппайды. Халықтың бәрінің көріп отырған күні осы.

Тұрғындар көтерген мәселе бойынша қалалық әкімдікке хабарласқанбыз. Жол құрылысына қала қазынасында әзірге қаражат жоқ екенін айтты. Ал ауыз су тартуға биыл бюджеттен 420 миллион теңге бөлініпті. Құрылыс жұмыстары жаз шыққан бойда басталмақ.

Мирас Мұлқай, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып-алу конкурстары аяқталып, мердігер мекеме анықталды. Жасалған жоба бойынша 21 км су құбыр желісін салу қарастырылған.  Ветелки ауылын және бара жатқандағы Ветелки Новостройка ауылын қамтамасыз етеміз.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Шаһар басшылығы сендіргендей, ауыз су мәселесі таяу уақытта оң шешімін таппақ. Көрінген таудың алыстығы жоқ, тұрғындар оны да күтуге әзір. Ал жол мәселесінің жуықта шешілер түрі көрінбейді.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Телеканал Хабар 24