379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Қаза тапқан әскерилердің туыстары олардан мәңгіге айырылғанына сене алмайды

  • 217
  • UPD: 19:57, 28.03.2019

Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің барлық құрылымдары тікұшақ апатынан қаза тапқан әскерилердің отбасылары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты. Қорғаныс министрлігінің басшылығы моральдық және материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді. Апаттың себеп-салдарын анықтау барысы сала министрінің жеке бақылауында болады. 

Еліміздің қарулы күштері орны толмас қайғыға душар болды. Әуе техникасының не себепті құлағаны әзірге беймәлім. Анығы оқу-жаттығу кезінде Ақтаудан Шымкентке бет алған 4 әуе техникасының біреуі әскери гарнизонға оралған жоқ. 

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:

- Тікұшақ апатынан өмірі қиылған 13 азаматтың 8-і Ақтаудағы 30/153 әскери бөлімінде отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген Алматы облысының тумалары. Олар майор Тимур Құдайбердиев, 3-санатты сержант Қайрат Нұрсапанов, аға сержант Мұрат Шәріпов, кіші сержант Асхат Әбділманат, ефрейтор Мирас Жұматаев пен Қуаныш Сарқытбаев, Айдын Әбділдинов және лейтенант Аслан Айтбаев. Алматы облыстық әкімдігі мен Талдықорған әскери гарнизонының басшылығы қаза болғандардың үйлерін аралап, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтты.

Бекболат Жұмабаев, Талдықорғандағы 21751 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

- Қаза тапқан әскерилердің біразы бұрын Талдықорған әуе базасында бізбен бірге қызмет етіп, осы жылдың қаңтар айында Ақтауға ауысқан еді. Міне енді мынандай қиын жағдайға душар болып отырған жайымыз бар. Олардың отбасына қорғаныс министрлігі тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. 5 жылдық жалақысын төлеп, үйлерін жекешелендіріп береді.

Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Алматы облыстық әкімдігі марқұм сарбаздардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Әкімдік тарапынан оларды жерлеу бойынша көмек көрсетілетін болады. Сонымен қатар материалдық көмек қарастырып жатырмыз. 8 адам қайтыс болды Алматы облысынан. Оның үшеуі Талдықорған, сонымен қатар Талғар, Іле, Алакөл, Кербұлақ аудандарының тумалары бар.

Тікұшақ бортында Ақтөбе облысының тумасы Данияр Қоңырбай да болған. Майор шеніндегі сарбаз 2003 жылы орта мектепті тәмәмдаған. Ақтөбедегі Талғат Бегельдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институтында авиация инженері мамандығы бойынша білім алыпты. Жауынгерлік қызметті 2007 жылы Алматы облысындағы әскери гарнизондардың бірінде бастаған. Соңғы 6 жыл Маңғыстау облысында қызмет етті. Биыл 34 жасқа толатын майордың артында жұбайы мен 3 баласы қалды.

Асқарбек Дәулетов, Д. Қоңырбайдың ағасы:

- Соңғы рет осыдан он күн бұрын кездестік. Ақтөбеге жұмыс бабымен келген еді. Сол кезде әскери академияға оқуға түсіп, одан әрі қызметін жалғастыруды жоспарлап жүргенін айтты. Болашақта қорғаныс министрлігінде еңбек етемін деп армайдайтын еді.

Медет Ерғалиев Д. Қоңырбайдың досы:

- Мынау Наурыз мейрамының алдында келіп, барлық жора-жолдастарды аралап, барлығының үйіне соғып, қоштасқандай болып. Бірақ енді көңіл-күйі жақсы еді. Алға қойған мақсаттарының көп екенін айтып. Үшаралда болды. Одан мынау Ақтауға кетті, енді бұйырса, Ақтөбеге ауысамын деген арманы бар еді. Осындай жағдай болып қалды енді.

Апаттан мерт болғандар арасында Батыс Қазақстан облысының тумасы капитан Сырым Мәсәлім де бар. 29 жастағы әскери қызметкер Сырым ауданының Аралтөбе ауылында туған. Ақтөбе әуе қорғаныс күштері әскери инситутының түлегі. Марқұмның артында жары мен 3 жасар ұлы қалды. Әкесі ұлымен соңғы рет кеше күндіз телефон арқылы сөйлескенін айтады. 

Мәлкей Иманғалиев, С. Мәсәлімнің әкесі:

- Әлі сенбей тұрмын балам жоқ деп, дегенмен, Департамент Вооруженные Силыдан келіп кетті жаңа, айтты 13 адам қайтты, соның ішінде сіздің балаңыз бар деп.

Жоғарыда аталған азаматтардан бөлек апаттан майор Роман Костыгов, майор Сабыр Тоқбаев және ефрейтор Өмірхан Қауқаев опат болды. Орны толмас қайғы. Қызмет жолында қаза тапқан ерлерді елі егіліп, еске алып жатыр.

Телеканал Хабар 24