378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Ақмола облысында жаңа жүйедегі атаулы әлеуметтік көмекті 17 мыңнан астам адам алады

  • 163
  • UPD: 21:03, 28.03.2019

Ақмола облысында 1 сәуірден бастап жаңа жүйедегі атаулы әлеуметтік көмекті 12 мың емес, 17 мыңнан астам адам алатын болады. Сондай-ақ көп балалы отбасыларды баспанамен қамту үшін аймақта жыл сайын 1 жарым млрд теңге қаржы бөлінбек.

Қазір өңірде 805 осындай отбасы пәтер кезегінде тұр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған республикалық жұмыс тобының аймаққа сапары барысында айтылды.

Вице-Премьер мен бірнеше министрдің Көкшетаудағы халықпен кездесуі қызу өтті. Бұл жиынға көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, кәсіпкер әйелдер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, ведомства басшыларына тікелей сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Әсіресе жалғызбасты, көп балалы аналардың күрмеулі де күрделі мәселелері өте көп екен.

Әсел Базарбаева, облыстық «Асыл аналар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

- Мәселен, бізде тиісті алиментін ала алмай жүрген жалғыз басты аналар бар. Олардың кейбірінің күйеулері тіпті 11 млн теңгеге дейін берешек. Ал олардың арасында баласы көп немесе мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған аналар бар екенін ескерсек, бұл, өте қиын мәселе.

Ақпанда елордада болған оқиғадан кейін «Асыл аналар» қоғамдық бірлестігін құрған көпбалалы ана Әсел Базарбаева, Үкімет дәл осы проблеманың шешімін тауып берсе дейді. 

Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Мен жақында Жоғарғы Соттың төрағасымен бұл мәселені талқыладық. Қазір Жоғарғы сот «Отбасылық сот» құруды жоспарлап отыр. Сондықтан, осы органның жұмысы аясында аталған проблемаға тосқауыл қойылады деп ойлаймыз. Себебі онда алимент төлемеген азаматтарға көптеген шектеулер қою қарастырылады.

Жиында сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру, жастарды және әлеуметтік әлжуаз топтарды баспанамен қамту, медициналық мекемелердің жұмысындағы кемшіліктер секілді бірқатар мәселелер көтерілді. Халықты әсіресе, атаулы әлеуметтік көмекті алу жолдары қатты қызықтырады. Бұны да министрлер тәтпіштеп түсіндіріп берді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Соңғы кездері көп түсетін арыз-шағымдардың біреуі осы мынау жанұяның табысын есептеген кезде сол жанұяның алатын жәрдемақыларының есептелуі. Осыны ескере келе қазір енді 1 апрельден бастап мына алып жүрген жәрдемақы, мынау «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерінің жәрдемақысы, мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы оған қосымша стипендия алып тасталынатын болады. Бұған қосымша мынау жергілікті әкімдіктен берілетін 11 түрлі көмектер бар, олар да осы мынау табыс жиынтығынан алынып тасталынатын болады. 

Еліміз бойынша атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге 100 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бірақ бұл қаражат әлеуметтің әлеуеті әбден зерттеліп барып, нағыз мұқтаж отбасыларға беріледі. Үкіметтің жұмыс тобы түс ауа аймақтың аудан әкімдері және ірі кәсіпорын басшыларымен де кездесіп, жұмысшылардың жалақысын көтеру, оларды әлеуметтік қамтамасыз ету сынды мәселелерді ортаға салды. Айта кетейік, республикадан келген делегацияның облысқа сапары 2 күнге созылады. Министрлер аудан, ауылдардың халқымен де кездеседі.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Телеканал Хабар 24