377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Павлодар облысындағы тәжірибелік станцияда бөдене фермасы ашылды

  • 146
  • UPD: 21:29, 28.03.2019

Құстың қиынан биоотын алуға болады. Павлодар облысында осы мақсатты көздеген ауылшаруашылық тәжірибелік станциясында бөдене фермасы ашылды.

Ал қидың өзі жауын құрттарының көмегімен өңделіп, қажетті компоненттер автономды гелиобиологиялық қалдықсыз кешенде қолданылады. Бұл «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінен кейін қолға алынған жобалардың бірі.

Автономды гелиобиологиялық қалдықсыз кешен жобасы баламалы қуат көздерін өндіру үшін керек. Ғалымдар биотынмен жұмыс істейтін құрылғыны  құрастыруды қолға алған. Шикізат жаңадан негізі қаланған бөдене фермасынан алынады. Мұнда әзірге мыңға жуық  құс өсіріліп жатыр. Жалпы, бөдене өсімтал құс. Сондықтан шикізат тапшылығы болмайды.

Әлия Құлұшева, құс бағушы:

- Балапандар он жеті күн дегенде жұмыртқаны жарып шығады. Өте нәзік келеді. Салмағы 10-15 грамм ғана. Бірақ кәдімгі тауықтың балапандарынан еш айырмашылығы жоқ.       

Құстың қиы жауынқұрттар сақталатын арнайы контейнерлерге салынады. Ғалымдар осындай жолмен өңделген компоненттерді биотын ретінде пайдаланады. Бұл өнім топырақ құнарын арттыратын органикалық тыңайтқыш ретінде де кеңінен қолданылады. Оның құрамында минералдар мен пайдалы заттар өте көп. Ғалымдардың айтуынша, табиғи жолмен алынған тыңайтқыштардың пайдасы орасан. 

Ардагер Сарбасов, ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы директоры орынбасарының м.а.:

- Тыңайтқышты бағбандар көптеп алады. Бұл негізінен шағын алаңдарда  көкөніс  өсіретіндерге  арналған. Жылыжай кешендері үшін де тиімді.

Ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясында бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың  бірі - вируссыз картоп тұқымын көбейтуге бағытталған. Қазір бұл жерде мұндай көкөніс тұқымының 6 түрі өсіріледі. Биылғы жылдың жаңалығы - кептірілген картоп алынатын тұқым. Бұл тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие болып отыр.

Ирина Аникина, ғылыми қызметкер:

- Біз бұл жерде «Инноватор» сортын көбейтіп жатырмыз. Оны Мәскеу институтынан алдық. Бұл қазіргі қытырлақ картоп өндірісіне арналған. Мақсатымыз картоптың осындай өңдеуге келетін  тұқымдарын  арттыру.

Тәжірибелік станция қызметкерлері бидайдың жаңа сұрыптарын өсірумен  де айналысады. Өнімділігі жоғары түрлерін бірінші болып, павлодарлық диқандардар сынақтан өткізеді. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Телеканал Хабар 24