377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


СҚО-да су тасқынының алдын алу шаралары ерекше бақылауға алынған

  • 140
  • UPD: 07:43, 02.04.2019

Екі тәулікте Сілеті су қоймасынан өңірге шамамен 95 млн текше метр су жіберілді. Құтқарушылар Уәлиханов ауданындағы елді мекендерді басты назарда ұстап отыр.

Құлыкөл және Қаратал ауылдарының тұрғын үйлерін су басу қаупі жоғары. Төтенше жағдайлар Департаменті мамандарының сөзінше, облыс басшысының төрағалығымен шұғыл штаб құрылды. Жедел әрекет ететін қызметтер, азаматтық қорғаныс және жергілікті атқарушы органдар оқиға орнында жұмысқа кіріскен. Қазір Береке ауылы электр қуатынсыз отыр. Зардапты жоюға 25 техника жұмылдырылған. Нұр-Сұлтан қаласынан қосымша 15 құтқарушы тартылды. Аудан және облыстық маңызы бар жолдарды 7 мәрте еріген қар суы шайып кеткен. Қазір жолдар қалпына келтіріліп, көлік қозғалысы реттелді. Қалған аудандар бойынша жағдай қалыпты. Тұтастай алғанда Солтүстік Қазақстан облысының шағын өзендеріндегі көк мұздың еруі белсенді. Сергеев су қоймасындағы судың деңгейі тәулігіне 2 сантиметрге жоғарылап келеді.      

Рамиль Камалов, облыстық ТЖД басшысы:

- Мұз кетеді деп айту қиын. Су тағы 36 сантиметрге көтерілсе, Сергеев су қоймасынан асып түсуі мүмкін. Біз Сілеті және Шағалалы өзендерін бақылауда ұстап отырмыз. Қазір Шағалалы бойынша ағыстың едәуір баяулағанын байқадық.

Телеканал Хабар 24