379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Зеңгі бабаның асыл тұқым төлінен ұрық алумен айналысатын орталықта 17 бас мал бар

  • 100
  • UPD: 10:10, 02.04.2019

Елордадағы «Асыл түлік» республикалық орталығында қазір 6,5 млн доза ұрық сақтаулы. Нақтырақ айтқанда асыл тұқымды мал ұрығы. Өнімге еліміздің түкпір-түкпірінен сұраныс бар. Бірақ елімізде шетелден алынатын тірі малға ден қойып отыр. Тиімдісі қайсы? Елдегі «Сыбаға» бағдарламасының берері не?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Орталықтағы бұқалардың ең асылы осы екеуі. Олардың салмағы 1,5 тоннадан асады. Сүт бағытындағы галыштен қара-ала тұқымды бұл бұқаларды осыдан бес жыл бұрын Канададан алып келген.

Асыл тұқымды Зеңгі баба төлінен ұрық алумен айналысатын республикалық орталықта 17 мал бар. Олар Еуропа, Америка, Канададан сатып алынған. Күтіп баптаумен 30 адам айналысады. 2000 жылы құрылған орталық 13 жыл бойы  мемлекет қамқорлығында болды. Бірақ бұдан кейін қаржыландыру күрт тоқтатылған.

Болат Асылханов, малдарды асылдандыру орталығы директорының м.а.:

- Үкіметтен қаражат тоқтағалы шетелден сапалы бұқаларды кіргізу азайып қалды. Сүт бағытындағы, аралас бұқаларға сұраныс көбейіп жатыр. Бірақ оны біз жартылай қамтамасыз етіп отырмыз. Енді тағы да сұранысты толық қамтамасыз ету үшін мал басы жетпей жатыр.

Орталықта сүтті, етті, аралас бағыттағы 24 түрдің ұрығы өндіріледі. Қазір мұнда 6,5 млн доза эмбрион бар. Мамандардың айтуынша, шетелден тірі мал алғанша, қолдан ұрықтандыру тиімді әрі қауіпсіз. Тұқым арнайы Франция технологиясына негізделген зертханада жиналып, сақталады.

Асылхан Бейсенбаев, зертхана меңгерушісі:

- Біздің бұқалар Германиядан, Канададан, Россиядан келген. Жан-жақтан әкелінген бұқаларымыз. Шетелден әкелінгені сүтті бағытта. Сол ұрықты алғаннан кейін арнайы қоймада сақтала береді.

Қазір еліміз сүт бағытындағы малды шетелден алғанды тәуір көреді. Бірақ, сарапшылар мұны үлкен тәуекелге балап отыр. Себебі, ветеринарлық кеселдер мен басқа шығындар кездескені белгілі. 

Кирилл Павлов, сарапшы:

- Біз импортқа ден қойып отырмыз. Еліміз тірі малды сатып алғанды құп көреді. Дегенмен, эмбрион күйінде алуды ұсынар ем. Себебі тірі мал тасымалданғанда шығын көп болатыны анықталған. Ұшақ пен басқа техникамен әкелінген мал жолда қысылады, климат жарамайды, түрлі жағдаймен түгелдей тірі күйінде жетпейді елге. Осы жағын қаперге алмағандары таңқалдырады.

Бұл ретте мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы еске түседі. Бұған дейін жүзеге асырылған жоба негізінде 55 мың асылтұқымды мал сатып алынған. Қазір олардың саны үш еселенді. Өткен жылы қайта іске қосылған «Сыбаға» аталық емес, аналық мал санын арттыруды көздейді. Шаруаларға 15 жылға 4 процентпен несие беріледі.

Еркебұлан Ахметов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры:

- Негізгі мақсат барынша арзан және табиғи жолмен малдың генетикалық әлеуетін жоғарылату қажет болды. Осы бағытта тұқымды түрлендіру бағдарламасын жүзеге асырдық. Фермерге екі талап қойылады. Табында асыл тұқымды қолдану, малды барынша жайылымда ұстау.

Десе де, Елордадағы дайын ұрықты нарыққа шығарып отырған орталық тұқымның бір түтікшесін 600 теңгеге сатады. Тұтынушыларға әлдеқайда арзан. Енді мамандар шетелдік бәсекелестерінен қалмау үшін үкіметтен көмек сұрайды. Себебі, асыл тұқымды малдың күтімі бөлек.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев, Марат Диханбаев

Телеканал Хабар 24