378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


ШҚО-дағы Бесқарағайдан 12 отбасы қауіпсіз жерлерге көшірілді

  • 145
  • UPD: 23:47, 02.04.2019

Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауылында 5 үйге су кіріп, 50 шақты аулада су көлкіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазір жергілікті атқарушы билік 12 отбасын қауіпсіз жерлерге көшірді. Бүгінге дейін 150 мың текше метрден астам су сорылып, 2 жарым мың қап құм төселген. Алайда тұрғындар судың деңгейі түсетін түрі жоқ деп алаңдаулы.

Бұл – Бесқарағай ауылы Жамбыл Жабаев көшесі тұрғындарының үйіндегі жағдай. Жертөленің барлығы суға толып, қабырғаларға сызат түсе бастаған. Үй әзірге құламаған соң, халық қауіпті болса да баспаналарын тастап кете алмай отыр.

Қайрат Әлімханов, ауыл тұрғыны:

- Үйіміз отырып барады, жерге кіріп бара жатыр. Тұруға жағдай жоқ, плитамыз құлап жатыр. От жаға алмаймыз, қазір түн салқын. Келінімнің аяғы ауыр, енді не істерімізді білмейміз. Қатарымызда тұрған көршілеріміздің бәрі, 4 үй суда тұр. Қазір мына жақ көршілерге су кетіп жатыр. Өйткені су кететін түрі жоқ.

Мамандар бұл жерасты суларының көтерілуінен пайда болған табиғи сипаттағы апат дегенмен, жергілікті тұрғындар мұны осыдан 3 жыл бұрынғы су тарту жұмыстарының сапасыз жүргізілуінен деп топшылайды.

Дәулет Батырбаев, Бесқарағай ауданының әкімі:

- Бүгінгі күнге 5 үйге су кірген, 50 шақты үйдің ауласы көлкіп жатыр. Қауіпсіздік мақсатында барлығы 12 отбасы уақытша баспаналарға көшірілді. Жерасты суларының көтерілуіне байланысты Қамысты көліндегі судың деңгейі жоғарылады. Сондықтан біз арнайы құралдар арқылы жарты шақырымдық құбырлар тартып, төмендегі Куликов көліне жіберіп жатырмыз. Құтқару жұмыстары аяқталған соң, шығындар есептеліп, заңға сәйкес өтемақы төленеді.

Көлге жақын орналасқан көшенің тұрғындары 3 жылдан бері мал ұстаудан қалған. Бау-бақша да салынбайды. «Тіпті жазғы асүйімізді тауық қораға айналдыруға мәжбүрміз», – дейді олар. Алайда ең үлкен қауіп көлкіген су үйге кіріп кете ме деп қорқады.

Қазір су сору, бөгет салу жұмыстары күндіз-түні дамылсыз жүріп жатыр. Оған құтқарушылар мен жергілікті биліктен 26 техника мен 55 адам жұмылдырылған. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалаұйлы

Телеканал Хабар 24