379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Қазақстанда аутизммен ауыратындарға қолдау қажет

  • 147
  • UPD: 23:46, 02.04.2019

Бүгін бүкіләлемдік аутизм туралы ақпарат тарату күні, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазақстанда бұл дертке шалдыққан балалардың саны, өкінішке қарай, жылдан-жылға артып келеді. Алматыда бұл күні түрлі шаралар ұйымдастырылып, науқас балаларға қолдау көрсетілді. 

Аутизм – әлеуметтік қарым-қатынас жетімсіздігіне соқтыратын ми қызметінің бұзылуы. Бұл – әлем бойынша әлі толық зерттелмеген ауру. Бүгінде елімізде аутизмге шалдыққан балалардың саны 4 мың 707-ге жетіп отыр. Ал Алматы қаласында 998 бала. Бұл ресми мәлімет. Ал тіркелмегендер саны қаншама.

Жанат Қаратай, әлеуметтік жобалар авторы:

- Бейресми деректерге жүгінсек, Қазақстанда аутизммен ауыратын 50 мыңға жуық адам бар. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Бізде диагностикалық жүйе қалыптаспаған. Науқасты ерте жастан анықтайтын мамандар жоқтың қасы. Сондықтан ата-аналар балаларының бойындағы кемістікті кеш байқап жатады.   

Бүгінгі күні бір ғана Алматы қаласында аутизмге қатысты шешімін таба алмай отырған мәселер көп. Мысалы, науқастарды емдейтін оңалту орталықтарында қазақтілді мамандардың жетіспеуі де ата-аналарға қиындық тудырып отыр.

Перизат Алдашова, ата-ана:

- Бізде қазақтілді мамандардың жоқтығынан орыстілді мамандарға барамыз.

Жазира Оспанова, ата-ана:

- Қазақтілді мамандар жоқ болғаннан кейін орыстілді мамандарға апарамыз. Ал үйде қазақша сөйлеген соң тілі шықпай қойды. Қазақ мамандарға тек кезекпен барамыз. Алты айда бір келеді ғой.

Алматы қаласында аутизм белгісі бар балаларды оңалтатын тегін орталықтар саусақпен санарлық. «Сондықтан кезегімізді айлап-жылдап күтуге мәжбүрміз», – дейді тұрғындар. Үш баласы аутизммен ауыратын Гүлдана Қалдыбаева: «қолымның қысқалығынан ақылы орталықтарға бара алмай отырмын», – дейді.

Гүлдана Қалдыбаева, көп балалы ана:

- Біздің балаларға дельфинотерапия керек, біздің балаларға микрополяризация, томакис, бак, рефикицатерапия керек. Бірақ оның барлығы ақылы түрде. Мысалы, мен жалғызбасты анамын, өзім пәтер жалдап тұрамын. Мен қай жаққа алып барамын. Ол ақшаны қайдан табамын. Мен ол ақшаны таба алмаймын. 

Аутизм туралы ақпарат тарату күніне орай Алматыдағы Балуан Шолақ сарайында өткен іс-шараға көптеген балалар қатысты. Ұйымдастырушылар әртүрлі ойындар ойнатып, науқас балалардың көңілін көтеруге барынша тырысты.

Осындай игі шаралар жылына бір емес, жиі-жиі өткізілсе, балаларымыздың емделуіне барлық жағдай жасалынса деген деген ата-аналардың тілегі бар. 

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев

Телеканал Хабар 24