379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Депутаттар жастар тарапынан мал дәрігері мамандығына қызығушылықты арттыруды ұсынды

  • 181
  • UPD: 19:51, 03.04.2019

Елімізде мал дәрігерлері жетіспейді. Сондықтан осы мамандыққа жастардың қызығушылығын арттырып, білім грантының көлемін ұлғайту қажет.

Сонымен қатар ауылшаруашылық өнімін өндірушілер мен өзге де шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер үшін несие қолжетімді болса игі.

Оқыған жастар ауылға оралсын десек те осы түйткілдердің шешілгені жөн. Бұл жайттарды ескерген депутаттар үкіметке арнайы сауал жолдады.  

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттырып, мал ауруларының алдын алу үшін ең алдымен мал дәрігерлерін көптеп дайындауымыз қажет. Бүгінгі таңда олардың саны 7 мыңға жетіп жығылады. Бірақ сала мамандарының айтуынша бұл өте аз. Мал дәрігерлері саладағы барлық жұмысты атқара алмайды. Осы мәселе елімізде жасалған сапалы өнімді экспортқа шығаруға да кедергі.

Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков  үкімет басшысынан ветеринарлық мамандықтар бойынша грант ақысын ұлттық университеттердегі грант деңгейіне дейін арттыруды ұсынды.

Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің есептеуіміз бойынша 2019-2020 оқу жылына республиканың жоғары оқу орындары үшін ветеринарлық мамандықтар бойынша гранттардың құнын ұлттық университеттер деңгейіне дейін арттыру үшін 234 млн теңге қажет болады. Коммунистік халық партиясы  фракциясының депутаттары осы мамандықтарды білім беру гранттарының ақысын ұлттық университеттер деңгейіне дейін көтеру үшін тізімге енгізуді ұсынады.

Ал «Ақжол» партиясының өкілі Дания Еспаеваны моноқалалар мен шағын шаһарлардағы тұрғындар жайы алаңдатады. Оның айтуынша бұрын олар ауылшаруашылығын қолдау қоры арқылы несиеге оңай қол жеткізетін. Ал қазір екінші деңгейлі банктердің барлығы бірдей өтініш білдірушілерге несие бере бермейді. Себебі, көбінің кепілге қоятын мүлкі банк талаптарына сай келмейді. 

Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорының кепілдікке қатысты саясаты кәсіпкерлерге де, халыққа да ыңғайлы, тиімдірек болатын. Сонымен қатар, несие беру  тек жермен, малмен айналысатындармен шектеліп қалмаса екен. Ауылдық жерлерде наубайхана, дәріхана сияқты  қызмет көрсету нысандары ашылғаны абзал. Біздің ауылшаруашылығы министрлігінен  бөлінетін қаржының 30 проценті ауылшаруашылық мақсатында емес кәсіпкерлік нысандарына бөлінсе деп сұраймыз. 

Депутаттар ауыл шаруашылығына барынша қолдау көрсетіліп жатқанмен, онымен айналысатындар азайып барады дейді.

Наринэ Микаелянның айтуынша, жастар бұл саланы тиімсіз санайды. Мәселен, соңғы бес жылда тек орман және балық шаруашылығындағы кәсіпкерлер саны 285 мыңға азайып кеткен. Ал ауыл шаруашылығы оқу орындарында арнайы грантпен оқығандардың   40 проценті ғана  оралады. Әрине, халықтың ауылдан қалаға көшуі яғни урбанизация қалыпты құбылыс. Десе де, ауылға, атап айтқанда ауыл жастарына, тұрғындарға әсіресе баспана мен  несие жағынан қолайлы жағдай бұдан да жақсара түсуі тиіс, деп санайды депутаттар.

Телеканал Хабар 24