389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


«Қазақтелеком» компаниясы мен акционерлер арасындағы дауға нүкте қойылуы мүмкін

  • 603
  • UPD: 22:30, 03.04.2019

«Қазақтелеком» компаниясы мен миноритарлық акционерлер арасындағы дауға бірер аптадан кейін нүкте қойылуы мүмкін. 

Тараптар кезекті рет елордадағы экономикалық сотта кездесіп, өз ұстанымдарын алға тартты. Барлық мәселе акцияны сатып алудан шығып отыр. 

Қос тарап арасындағы түсініспеушілік құнды қағаздардың бағасына қатысты туындады. Яғни миноритарлық акционерлер, оның ішінде дәл осы Falconry Capital компаниясы да бар, сот арқылы «Қазақтелекомға» акцияларды сатып алуды міндеттегісі келеді. Кейінгі тарап оған қарсы да емес. Бірақ акцияны сатып алу құнымен келіспейміз дейді.

Людмила Атамұратова, «Қазақтелеком» АҚ департаментінің директоры:

- «Қазақтелеком» компаниясының директорлар кеңесінде нарықтағы жағдай ескеріле отырып нақты баға бекітілген болатын және осы көрсеткіш дұрыс деп есептейміз. Ал арызданушы тарап бағаны тым шарықтатып жіберіп отыр.

Қысқасы, мәселе шамамен 400 миллион теңге көлемінде болып отыр. Ал арызданушы тарап ол үшін 800 миллион теңгеге жуық ақша алғысы келеді. Құнды қағаздар бағасынан басқа да біраз мәселе бар мұнда. Мысалы, арызданушы тарап заңға сәйкес мемлекеттік баж салығын төлемеген.

Джохар Утебеков, адвокат:

- Бұрын әртүрлі себепті алға тартып баж салығынан жалтаруға болатын. Бірақ соңғы жылдары оны қатаң міндеттеді және ол сот кезінде жіті ескеріледі. Сондықтан арызданушы тарап 24 миллион теңге көлемінде салықты төлеуі керек. Әйтпесе судьядан шағымды қараусыз қалдыруды сұрауға тура келеді.

«Қазақтелеком» өкілдерінің айтуынша, мәселені соттан тыс, яғни, екіжақты келісіммен шешу үшін де әрекеттер жасалып жатыр. Ал, елордадағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты корпоративтік кикілжіңді 17 сәуірде қайта қарау туралы шешім шығарды.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ерзат Зайытхан

Телеканал Хабар 24