379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Елордадағы орталықта сал ауруына шалдыққан балаларға кешенді көмек көрсетіледі

  • 124
  • UPD: 23:37, 03.04.2019

Елімізде церебралды сал ауруына душар болған бүлдіршіндерді емдейтін бірнеше ұйым жұмыс істейді.

Солардың бірі - Елордада орналасқан «Қасиетті жол» оңалту орталығы. Биыл осы нысанның негізі қаланғанына 5 жыл толып отыр.

Нұрмұхаммед Елемес «Қасиетті жол» оңалту орталығында ем алып жатқан 50 баланың бірі. Бір жастан асқан соң сол аяғы мен сол қолы зақымданып, жүріп-тұруы, тіпті еңбектеуі қиындай түскен. Бастапқыда ақылы медициналық мекемелердің көмегіне жүгінген ата-анасы көп ұзамай бүлдіршінді осында алып келіпті. Нұрмұхаммедтің бұл орталықта емделіп, емдік дене шынықтырумен айналысқанына биыл 6 жылға жуықтады. Анасының айтуынша, қазір ұлының жағдайы айтарлықтай жақсарған көрінеді. 

Жанар Оралбаева, қала тұрғыны:

- 12 жасқа дейін үзбеу керек деді. Өйткені 12 жасқа келгенде бала өз-өзін таниды деді. Қазір басқа балаларға қарайды да, менің аяғым неге бұлай жүреді деп, енді өзін-өзі түзеп жатыр.

Бұл орталық осыдан 5 жыл бұрын «Дені сау балалар» жобасының аясында ашылған. Қазір бұдан бөлек Елордада тағы бір осындай нысан бар. Онда 2 жасқа дейінгі балаларға көмек көрсетіледі. Сондай-ақ жоба аясында жұмыс істейтін тағы бір оңалту орталығы Шымкент қаласында орналасқан. Айта кетерлігі, бұл 3 мекеменің мамандары әлеуметтің әлсіз тобына жататын азаматтардың отбасына тегін қол ұшын беруге әзір.   

Айнұр Нұрғожаева, «Қасиетті жол» оңалту орталығының директоры:  

- Оңалту орталығының көмегіне жүгіну үшін ата-аналар арнайы құжаттар тізімін жинауы тиіс. Содан кейін оларды «Қасиетті жол» қорының бас кеңсесіне өткізу керек. Егер бала аз қамтылған отбасынан болса, онда ол тіркеліп, бізде тегін емделе алады.

Бұл үш орталықта да балалар церебральды сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндерге кешенді түрде көмек көрсетіледі. Ай сайын 100-ден астам бала 21 күнге жалғасатын емдеу курсынан өтеді.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Асхат Қарақойшиев

Телеканал Хабар 24