379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Елімізде тұрғындардың қоқысты сұрыптау мәселесі өзекті болып тұр

  • 138
  • UPD: 07:45, 08.04.2019

Биылдан бастап елімізде өңделмеген тұрмыстық қалдықтарды қоқыс полигондарына төгуге тыйым салынды.

Энергетика министрлігі осылайша қоқыс өңдеу мәдениетін қалыптастыруды көздеп отыр. Олар отандастарымыздың қалдықтарды сұрыптауға әлі де енжар екенін айтады. Бұл әдеттен қалай арылуға болады? Өзге елдерден үйренеріміз бар ма? 

Жапсарлас қойылған тап осындай жәшіктер елорданың біраз жерінде бар. Алғашқыда таңсық еді. Кейін төселе бастадық. Тұрғындар қоқыс сұрыптауды үйренсін деп әдейі қойған. Бірақ сол дағдыны қалыптастырғандары санаулы ғана.

БЛИЦ:

- Қоқысты өзім сұрыптаймын.

- Пластикті бөлек, тағам қалдықтарын бөлек саламын. Анау жерде шыны ыдыстарын салатын жәшік бар. Қалдықтарды бөлек-бөлек тастау керек екенін білемін.

- Қоқыстарды сұрыптау керек екенін білемін. Бірақ өз басым бөліп жатпаймын. Ерінем немесе уақыт болмай жатады. 

Қазір қаладағы мұндай жәшіктердің қатары 6 мыңға таяды. Қоқыс таситын 25 техника тағы бар. Шаһар басшылығы олардың санын әлі де көбейтпек. Сөйтіп, 2020 жылға дейін қаладағы қалдықтардың 70 процентін сұрыптауды жоспарлап отыр. Өткен жылы елімізде 4 млн тоннаға жуық қалдық жиналыпты. Соның тек 11 жарым проценті ғана өңделген.

Жомарт Рақымжанов, «өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторы» ЖШС баспасөз хатшысы:

-  Мен мынша өңдеймін, мынша жинаймын деген өңдеуші кәсіпорындар арасында тендер ойнатылады. Сол жерде оларға тиісті субсидия бөлінеді. Бір келі шыныны жинап, өңдейтін кәсіпорындарға мысалы 18 теңгеден жоғары қаражат бөлінеді. Ол бір келісі үшін ғана.

Әлемнің көптеген елінде полиэтилен пакеттерін қолдануға қатаң тыйым салынған. Қырық мемлекет бұл қаптарды адам денсаулығына өте қауіпті деп тауыпты. Осы күні Тайландта сатып алынған азық-түліктерді банан жапырақтарына орап береді. Төңірек таза болсын деп.

Біз де қоршаған ортаны ойлай бастадық Сөйтіп, пластик ыдыстардан бас тартуды ұйғардық.

Динара Әжіғалиева, ҚР ЭМ қатты тұрмыстық қалдықтар басқармасының басшысы:

- Экологиялық Кодекске өзгеріс енгізуді жоспарлап отырмыз. Биылдан бастап, пластиктерді, шыны ыдыстар мен қағаздарды қоқыс  полигондарына көмуге тыйым салынбақ. Ал, 2021 жылдан бастап тағам өнімдері мен құрылыс материалдарын тастауға рұқсат етілмейді.

Энергетика министрлігі қазір тиісті өзгертулерді әзірлеп жатыр. Жыл соңында Парламент қарауына жолдаймыз деп отыр. Мамандар қоқыс өңдеудің жақсы табыс екенін айтады. Сондықтан бұл салаға ден қою қажет дейді.  

Жомарт Рақымжанов, «өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторы» ЖШС баспасөз хатшысы:

- Шағын және орта бизнесті тарту керек қалдықтарды өңдеуге. Жалғыз бір-екі кәсіпорын ғана емес, бұл жерде шағын кәсіпорындардың өзі ат салысуы керек.

Полиэтилен пакеттерді алмастыруға болады. Ақтөбеде соның баламасы жасалуда. Жақында ашылған шағын цех қазір қағаз қапшықтарын әзірлеп жатыр.  Ондағы жабдықтар бір минутта 180 пакетті дайындай алады. Мамандар өндіріс қуатын алдағы уақытта арттырамыз дейді.  

Сергей Литвинов, өндіріс цехының инженері:

-  Қағаз қапшықтар сапалы келеді. Ол суға төзімді және ауа өткізгіш. Бұл таза табиғи өнім. Шикізатты Ресейден сатып аламыз.

Өндіріс орны өз өнімдердің отандық нарыққа шығарған. Бірақ сұраныс әзірге аз дейді. Алдағы уақытта бұл өнім түріне қызығатындар көбейеді деген ойда.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Елена Устимович, Ерлан Наурызбаев

Телеканал Хабар 24