376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Қызылордада тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық есебінен баспана беріледі

  • 137
  • UPD: 23:33, 09.04.2019

Қызылордалық аз қамтылған көп балалы 150 отбасы қайырымдылық көмек есебінен баспанамен қамтамасыз етіледі.

Тұрғын үйлер «Бәйтерек» шағын ауданында салынып жатыр. Жеке үйлер шаршы метрінің құны 70 мың теңгені құрайды.

Құрылысы алдағы жаз айларында аяқталады деп жоспарланып отыр. Өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған топ инженерлік инфрақұрылым тартылған аумақпен танысты.

Үкімет делегациясына 9 гектар жерге салынатын үйлердің нобайы мен артықшылықтары таныстырылды. Осы аумаққа қоныстанушыларға 6 сотықтан жер телімі қоса беріледі.

Үкімет басшысының орынбасары бастаған топ сондай-ақ бірнеше көп балалы отбасылардың үйіне барып, тұрмыс жағдайымен танысты. Одан әрі достық үйінде сырбойылық батыр ана, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Тұрғындар қойған сауалдарға жауап беріп, қатысушылармен пікір алмасты. Атаулы көмек тағайындаудағы өзгерістерге тоқталды.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Былтырғы жылы 40% көтерілген болатын, биылдан бастап 50%, енді 1-сәуірден бастап 70% көбейтілетін болады. Яғни бұрын отбасының әр мүшесіне 14849 тг қаржы берілсе, қазір 20789 тг дейін көбейтіледі. Біздің болжам бойынша бұл шарамен ең кемінде 830 мың қазақстандықтар қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 60 мыңнан астамы қызылордалықтар.

Жиында «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы атап өткен қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік бастамалар жөнінде кеңінен баяндалды.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Қызылорда қаласында ауыз су мәселесі өте қиын болатын. Қазір көріп толық таза сумен қамтамасыз етілген. Аудандарда да біраз жұмыс жүргізілді. Газ толық дерлік жақын уақытта бүкіл облыста болады. Елбасы қосымша «Ауыл-құтты мекен», «Ауыл-ел бесігі» сияқты бағдарламаларға жол ашты. Ол бойынша 30 млрд теңге жыл сайын мың 700 болашағы бар ауылға бөлінетін болады.

Сырбойылықтар сондай-ақ білім, медицина және тұрғын үймен қамту сауалдары бойынша ведомство басшыларынан тұшымды жауап ала алды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Әлхайдар Тұрлыханов

Телеканал Хабар 24