379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Көкшетаудағы шағын аудан халқы 10 жылдан бері жол азабын тартып келеді

  • 90
  • UPD: 20:36, 12.04.2019

Көкшетаудағы Бейбітшілік шағын ауданының тұрғындары 10 жылдан бері жол азабын тартып келеді. Мұнда әлі күнге қала мен ауданды байланыстыратын тас жол жоқ.

Соның салдарынан қоғамдық көлік те қатынамайды. Бұл тұрмақ қала ішінің де жолдары көңіл көншітпейді дейді наразы тұрғындар. 

Дұрыстап істесе ғой, дұрыс болар еді. Шала-пұла істейді.

«Васильковский» шағын ауданының тұрғыны Қайролла Ыбыраевтың бұлай таусыла сөйлеуіне себеп бар. Былтыр ғана жөнделген тас жолдың сау тамтығы қалмаған. Үңірейген шұңқырдан көлік былай тұрсын, адамның өзі абайлап өтуге мәжбүр.  

Қайролла Ыбыраев, қала тұрғыны:

- Міне 1-2 ай өтті. Осылай болды. Мына жерлерді жамады енді, өйткені совсем жүре алмайтын. 

Сан мәрте жамалса да, қаланың бұл ауданында асфальт бар. Ал, шаһарда «жол» деп аталса да, тіпті, тас төселмеген жерлер де кездеседі. Мәселен, бұл үйлер Қызыл жар көшесінің бойында орналасқан. Жергілікті тұрғындар жол азабын күзде және көктемде көбірек тартады.  

Георгий Рахубенко, қала тұрғыны:

- Бұл жолмен жая жүретіндер де бар. Ал бұл  өте қиын. Тіпті көлікпен жүрудің өзі өңай емес. Сондықтан жоғарыда отырған азаматтар осы мәселеге назар аударса дейміз.

Бұдан бөлек Көкшетау қаласында жеткілікті дәрежеде назар аударылмай келе жатқан тағы бір аудан бар. 

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

-  Бұл «Бейбітшілік» шағын ауданы. Оны қаланың негізгі бөлігінен мына қыр бөліп тұр. Оқушылар сабағына, ал ересектер жұмысына бару үшін күн сайын осы қара жермен жүруге мәжбүр. Тас жол деген атымен жоқ. Тұрғындардың айтуынша, бұл мәселенің шешімін таппай келе жатқанына 10 жылдан асыпты.

Осы проблеманың салдарынан, бұл 700-ге жуық отбасы тұратын шағын ауданға қоғамдық көлік қатынамайды. Жалпы біз тізіп шыққан мәселенің барлығы жергілікті әкімшілік өкілдеріне жақсы таныс. Мәселен, бір ғана Бейбітшілік мәселесі осыған дейін  сан мәрте көтерілді. Алайда еш нәтиже шықпады. Бұл жолы да жауапты мекеме өкілдері жаттанды жауаптан танбады. Яғни, негізгі жөндеу жұмыстары келесі жылға жоспарланған.

Марат Жүнісов, қалалық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда Жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатырмыз. Бұл Бейбітшілік шағын ауданына қатысты. Келесі жылы асфальт төсеуді жоспарлаймыз. Бұдан кейін автобус мәселесін шешсек дейміз. Ал Көкшетау қаласындағы жолдарды жөндеуге келсек, қазір тендердің қорытындысын шығарып жатырмыз. Осылайша мердігер мекеменің анықтаймыз. Содан соң асфальт зауытымыз жұмыс істеп, жолдарды қалпына келтіреміз.

Ал бұл жоспарлар жүзеге асқанша тұрғындар бар жолмен жүруге мәжбүр. Айтпақшы, қалада қазір жөндеу жұмыстары қолға алыныпты. Бірақ, орталық жолдың бүлінген тұстары талап бойынша асфальтпен емес, таспен бітеліп жатыр.  

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Евгений Шинкоренко, Анатолий Поляный

Телеканал Хабар 24