379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Елордада велосипедпен жолда жүру ережесі түсіндірілді

  • 210
  • UPD: 14:58, 17.04.2019
Елордада велосипедпен жолда жүру ережесі түсіндірілді

Осы аптаның аяғында бас қалада велосипед маусымы ашылады, осы тұрғыда қалалық полиция департаменті велосипед жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерден жол жүру ережесін сақтау керектігін айта отырып, тұрғындарды жолда сақ болуға шақырды.

Алдымен өткен жыл мен оның алдыңғы жылы велосипед және автокөлік жүргізушілердің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғаларына қатысты ақпарат мәлім етілді.

«2017 жылы 583  велосипед жүргізуші дене жарақатын алса, ал 2018 жылы 523 адам зардап шекті, яғни жарақат алу 10%-ға азайған. Велосипед жүргізушілерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан 2017 жылы 60 адам қайтыс болса, өткен жылы 34 адам қайтыс болды, тиісінше өлім жағдайы 43%-ға азайды. Сондай-ақ, 2017 жылы автокөлік жүргізушілердің кінәсімен 443 жол-көлік оқиғасы орын алса,  2018 жылы олардың кінәлі болуымен 373 оқиға тіркелді. Яғни 20%-ға азайғанын байқаймыз. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің кәнісімен 2017 жылы 140 жол-көлік фактісі тіркелсе, өткен жылы 155 факті орын алды, бұл жерде өкінішке қарай өсу динамикасы бар. Және велосипед жүргізушілердің қатысуымен 2018 жылы 11 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның ішінде 1 адам қайтыс болды, ал 2017 жылы 12 факті орын алып, салдарынан 3 адам қайтыс болды», - деді  Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті әкімшілік полициясының майоры Бақыт Құрманғалиев баспасөз мәслихатында.

Әкімшілік полиция өкілінің дерегіне сүйенсек, үстіміздегі жылдың үш айында велосипед жүргізушілердің қатысуымен 119 оқиға тіркелді, ал өткен жылы осы уақыт аралығында 118 факті тіркелген. 

«Жол ережесіне келсек велосипед және мопед жүргізушілері арнайы веложолмен жүруі тиіс, жоқ болған жағдайда жолдың оң жақ шетімен жүреді. Немесе жаяу жүргіншілерге арналған жолмен де жүруге болады, бірақ оларға кедергі жасамауы тиіс. Сол сияқты жасы 15-ке толмаған жасөспірім велосипед және мопедпен көліктің жолымен жүруге болмайды, олар арнайы веложолмен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруі тиіс. Және де велосипедшілер команда болып жүрген жағдайда бір жерде шоғырлануға да болмайды, жолдың оң жақ шетінде 10 адамнан бөлініп жүруі тиіс», - дейді ол.

Одан бөлек, велосипед және мопед жүргізушілері бір қолмен басқаруға, бірнеше адам мініп жүруге және жол жүру қозғалысына кедергі келтіретін қосымша заттар алып жүруге тыйым салынады.

«Тағы бір айтып кететін жайт, вилосипед жүргізушілері жаяу жүргіншелерге арналған бағдаршамнан өткенде велосипедті теуіп өтуге болмайды, бағдаршамның жасыл жанғанын күтіп, велосипедтен түсіп жаяу жүріп өту керек. Көптеген жол-көлік оқиғалары осы бағдаршамнан өту кезінде орын алады. Себебі жүргізуші велосипедті бағдаршамнан жоғары жылдамдықпен теуіп өтеді де, жеңіл автокөліктің қай жағынан келіп қалғанын байқамай қалады», - деді Б.Құрманғалиев.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында велосипед тебу маусымы осы жылдың 20 сәуірінде ашылады. Бүгінгі күні қалада жалпы ұзындығы 54 шақырым велосипед жолы бар. Оның ішінде 9,5 шақырымы Триатлон саябағында, 2,5 шақырымы Ботаникалық бақта, 4 шақырым шаңғы тебу тас жолында және 4 шақырым «Жерұйық» саябағында орналасқан. Одан бөлек,  қалалық Орталық саябақтан басталатын 11 шақырымдық велосипед жолы ЭКСПО аумағына дейін барады. Сол сияқты тағы 23 шақырым Ильинка елдімекенінен Қосшы елдімекеніне дейін жалғасады.

Елорда Инфо

Телеканал Хабар 24