378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Таразда сапасыз салынған баспана тұрғындары тауқыметін тартып отыр

  • 139
  • UPD: 21:17, 18.04.2019

Таразда Солнечный алқабынның тұрғындары шу шығарды. Олар өздері тұрып жатқан көп қабатты үйге жөндеу жұмыстарын жүргізе алмай отыр.

Айтуларынша, нысанның құрылысы әуелден сапасыз жүргізілген. Енді соның азабын қарапайым халық тартып отыр. Ал жөндеуге өз қалтамыздан жинаған қаржымыз көрінгеннің қолында кетіп жатыр деп қапалы.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Солнечный елді мекеніндегі номері 58 көп қабатты мына үйдің тұрғындары кеше бізге шағымммен келген болатын. Міне қазір тұрғындардың өздері жиналып тұр.

- Кеше сіздер жертөле мен шатырға қатысты шағым айтқан болатынсыздар. Барып көрсе бола ма соны?

- Барып көрейік.... бірақ сіздер етікті киіп кірмесеңіздер! Асты белден су......

Тұрғындардың айтуынша, баспана пайдалануға берілгелі бері жөндеу көрмеген. Жарылған құбырлар мен кәріз жүйесінен аққан сасық су қыс айларында тізеден асады. Салдарынан темір құбырлар шіріп, іргетасы мен қабырғаларына сызат түскен. Ал жазда маса, бүрге сияқты зиянкестер қаптап үйге дейін енетін көрінеді. Қазір төңіректегі балалар өкпе, тері ауруларына жиі шалдығатын болған.

Талғат Дәулетияров, Солнечный алқабының тұрғыны:

- Мұның бәрі айтылып, көрсетіліп, әкімге де бәріне жазғанбыз. Суретін де бердік. Крышамыздың төбесі де міне осы. Подвалы осындай болса, крышасы да осындай. Міне осы жүріп жатқан судың бәрі туалеттен, әжетханадан шығатын адамның зәрі, басқа да енді түсініп отырсыздар ғой. Содан жиналған су. Осы иістің бәрі жаздай, қыстай осының ішінде өмір сүріп жатырмыз. Аға сыртқа шығып сөйлесейікші мынаның асты мүлдем мүмкін емес.......!!!

Ал, үйдің шатыры о баста қара қағазбен жабылған. Материал әбден тозып жаңбыр жауса жоғарғы қабаттағы пәтерлер су астында қалады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Тұрғындардың өтініші бойынша шатырды көрдік. Жағдайын видеода көрсеттік. Міне 52-пәтердің жағдайын көрейік. Саламатсыз ба, рұқсат па? Үйде қай жерден су ағады?

- Залдан, спальныйдан... сөз жоқ.

Түсірілім кезінде бір бума қағаз құшақтап пәтер иелері кооперативінің төрағасы келді.  Әлденені түсіндіргісі келіп біраз тұрып еді айқай-шу шыққан соң қолын бір сілтеп кете барды.

Кейін бұл үйдің пәтер иелері кооперативіне кірмегендігі белгілі болды. Қазір тұрғын үйдің басқару органы жоқ. Бірақ осы уақытқа дейін жұрт техникалық жөндеу жұмыстарына, ауланы сыпырып, тазалағанға деп ай сайын ақша төлеп келген көрінеді. Алайда жөндеу жұмыстары жүргізілмеген соң ашуға булыққан халық соңғы кездері мүлдем төлем жасамай қойған. 

Кенжебүбі Рысқұлбекова, Солнечный алқабының тұрғыны:

- Департамент  сендер КСК-ға төлемеңдер, бізге төлеңдер деді. Сосын тұрғын үйлер екіге жаққа бөлініп кетті. Жартысы төлемей қалды, жартсы төлеп жатырмыз әлі. Барсақ еш жерде ешкімге керек жоқпыз.

Кезінде бұл 52 пәтерлі тұрғын үй 2005 жылы кезекте тұрған аз қамтылған, көпбалалы, соғыс ардагерлері мен жалғыз басты аналарға берілген. Содан бері жағдайы келгендер баспаналарын жекешелендірген. Ал 18 пәтер әлі күнге дейін коммуналдық меншікте. Міне, бар мәселе осы жерден туындап отыр. 

Талғат Дәулетияров, Солнечный алқабының тұрғыны:

- Үй жартысы жекеменшік, жартысы үкіметікі. Әкімге барса айтады: сендер кондоминиумға кіріңдер дейді. Біз кірейік десек, көршімнің үйі әлі жекеменшік қылған айтады мен ЖКХ-ға төлеп жатырмын дейді. Жылына 60 мың. Мен не үшін берем сендерге дейді. Крышаны жөндейік десек мен ЖКХ-ға төлеп жатырмын тұрғын үйге. Менен не үшін аласың дейді. Сол көршілер арасында бізде осындай бітпейтін дау. 

Гүлзира Баймұханова, Солнечный алқабының тұрғыны:

- Ал жаңағыдай бірдеңеге үйіміз туралы шағым айтатын болсақ, кондоминиумға кіріңдер дейді. Біздің шамамыз жоқ ондай кондоминиумға кіретін. Кредит сияқты біреңе ғой. Оған кіруіміз керек. Ал бізде ондай шама жоқ.

Жағдайды білу үшін тұрғын үй инспекциясына бардық. Мекеме басшысының айтуынша көпқабатты тұрғын үйде екі немесе одан көп пәтер жекеменшікте болған жағдайда ол үйде кондоминиум нысаны тіркелуі тиіс. «Ал қалыптасқан жағдайды шешу үшін ауызбіршілік керек» дейді сала маманы.

Ғазиз Ералиев, Тараз қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Тек қана шешімін табатын жол ол кондаминиум нысанын тіркеп, Әділет басқармасынан өтіп, тұрғындардың келісім хаттамасы толтырылып, күрделі жөндеу жұмыстарға келісім беру. Үкімет тарапынан нақты қаржылай бөлу ол үйге қарастыру мүмкін емес. Себебі көпқабатты тұрғын үйдің ішіндегі пәтерлер ол жекеменшік. Ал әр азамат өзінің жекеменшігін күтіп ұстауға міндетті.

Қалай болғанда да мәселені бір жақты етіп шешу қажет. Бұл жағдайда ұй тұрғындары  өздері қимылдамаса баяғы жартас сол жартас болып қала бермек.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Телеканал Хабар 24