378.98 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Ақтөбедегі тұрақтандыру қоры азық-түлік бағасының шарықтауына тосқауыл емес

  • 164
  • UPD: 22:16, 18.04.2019

Тұрақтандыру қоры азық-түлік бағаларының шарықтап кетуіне кедергі бола алмай отыр. Ақтөбеде күнделікті тұтынатын тауарлар құны өскен.

Мәселен, сүт өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42 процентке өсті. Ал қанттың құны 184 теңгеден 225 теңгеге дейін шарықтаған. Жаңадан жылыжай ашылғанына қарамастан өңірде қызанақ құны да 17,5 процентке қымбаттаған. Бұл өткен наурыз айында тіркеліп отырған жайт.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Тұрақтандыру қорының Ақтөбе қаласы бойынша 20-ға жуық сауда сөресі бар. Солардың бірі дәл осы коммуналдық базарда орналасқан. Мына әлеуметтік дүкен тұрақтандыру қорында сақталған азық-түлікті саудаға шығарады.

- Сәлеметсіз бе. Сатып алушылар көп пе?

Айнұр Байбахтина, сатушы:

- Әрине өте көп. Әсіресе сенбі-жексенбі күндері кезекке тұрып жатады адамдар. Үлгере алмай қалатын да кездеріміз болады. Көмек шақырып жататын да кездеріміз болады. халық үйренген, демалыссыз жұмыс жасаймыз.

- Көп-көп рахмет. Сәттілік. Әрине бұл бағаларға байланысты. Себебі нарықтағы бағадан бұл әлеуметтік дүкенде азық-түліктің бағасы әлдеқайда арзан.

Шенеуніктер базардың құнынан 10-15 процентке төмен баға бекіттік дейді. Алайда қаңтар айында қамбасын ашқан тұрақтандыру қорының тауары үш ай ішінде тәмәмдалған. Өткен жылы мың жарым тонна картоп пен 200 тонна пияз, 100 тонна сәбіз бен 80 тонна қырыққабат салынған болатын. Қазір көкөністен тек 190 тонна картоп қана қалыпты. Сәйкесінше азық-түлік құны да шарықтап кеткен.

Ермек Батинов, «Ақтөбе» ӘКК Агроөнеркәсіптік кешенінің басқарма басшысы:

- Жыл сайын қорға сатып алынатын өнімдеріміздің көлемі осы облыс, қала тұрғындарың қажеттілігінің бес-ақ пайызын ғана қамтиды. Сол себептен көбіне нарықтық жағдай өзінің орнын алады да.

Облыстық статистика департаменті мамандары биылғы наурыз айында бағасы ырық бермей кеткен өнім қарапайым қырыққабат болды дейді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,1 процентке өскен. Сүттің бағасы 42 процентке қымбаттап, литрі орташа есеппен 284 теңгеден саудалануда. Азық-түлік себетінің негізін құрайтын бірінші сұрыпты ұн да, жұмыртқа да, қант бағасы да өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. 

БЛИЦ1: Картошка, морковка солар тоже қымбаттап жатыр. Капуста вообще ужас қой былай қарасаңыз. 302 теңге ме, 320 теңге ме. Бұл суперская цена. вообще я не знаю қалай олай болатынын.

БЛИЦ2: Сүт өнімдері өте қымбат. Тек жеңілдіктер іздеп әлек боламыз. Литрін 300 теңгеден сатып алуға тура келеді.

БЛИЦ: Жергілікті жылыжайларда шығатын қызанақтың бағасы да қымбат. Келісі 800-1000 теңгеге дейін барады. Бұл зейнеткерлер үшін қымбат баға.

Райгүл Ембергенова, сатушы:

- Бананымыз Пакистаннан келеді. 475-465-тен келеді. 500-ден сатамыз. Ал помидорлар Ақтөбеден. местный өзіміздікі. 850-ден сатамыз. 800-ден келеді өзімізге.

Кәсібін дөңгелетіп, көкөніс өсіріп отырғандардың бәрі жеке меншік мекемелер. Алайда олардың барлығы дерлік мемлекет тарапына көрсетілетін қолдаудан бас тартпайды.

Диас Ерғалиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Мемлекеттік қолдау ретінде жылыжай кешендеріне пайдаланылған суды субсидиялау, сатып алынған минералды тыңайтқыштардың құнын елу пайызға дейін субсидиялау бойынша бағдарламаларды жүзеге асырамыз.

Қазір облыста 25 жылыжай кешені бар. Жалпы алқабы 35,7 гектар. Жылына 16 мың тоннаға дейін өнім бере алады. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының ақпаратына сәйкес былтыр Ақтөбеде өсірілген 4200 тонна қызанақ пен қияр шекараның ар жағында саудаланған. Бұл орайда көпшіліктің көңілінде сұрақ туындайтындығы анық. Қала іргесінде самсап тұрған жылыжайдан тұрғындарға келіп кетер пайда қандай?

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Телеканал Хабар 24