378.98 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Түркістанда заманауи үлгідегі ақпарат тарату орталығы салынып жатыр

  • 239
  • UPD: 22:33, 21.04.2019

Орталық еліміз бойынша Нұр-сұлтан қаласындағы «Қазмедиа орталығынан» кейінгі екінші үлкен кешен болмақ. 

Заманауи үлгідегі жаңа нысанның құрылысы ақпан айында басталған. Медиа орталық Алматы қаласының Түркістан облысына тартуы. Қазір мұнда ғимараттың 1-ші қабаты бой көтеріп келеді. 50-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. «Жазға қарай ғимараттың ішкі жұмыстары басталғанда 100-150 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр»,-дейді жоба жетекшісі Қуат Қожағұлов.

Қуат Қожағұлов, жоба жетекшісі:

- Біздің міндетіміз ғимаратты сапалы етіп салу. Ал ішіне қажетті керек-жарақты жалға алушылар өздері сатып алады. Ғимараттың 1-қабатында ресепшн, келген қонақтарға жайғасатын орындар болады. 2 қабат тұтастай студиялық кешенге арналады. Жалпы орталықта 2 студия болады. Оның бірі үлкен, екіншісі шағын. Ал 3-4-қабатта журналистер отырады. Брифинг және конференция залдар да осында орналасады.  

Мамандардың айтуынша, нысан толықтай шынымен қапталады. Ғимараттың сәулеттік ерекшелігі мен көркемдік бейнесі басқа нысандарға мүлде ұқсамайтын болады.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Биіктігі 4 қабатты, аумағы 3800 шаршы метр болатын жаңа медиа орталықтың құрылысы қазір қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша 500 адам еркін сиятын ғимарат жұмысы толық аяқталғанда мұнда республикалық БАҚ-тың тілшілер қосыны, облыстық телеарна мен жергілікті үш газеттің редакциясы жайғасатын болады.

Жаңа нысан соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен және ақпарат таратуға тиімді медиаресурстармен толық қамтылады. Өңірлік коммуникация қызметінің орталығы да осында орналасып, ақпарат таратудың ыңғайлы жүйесіне көшетін болады.

Бейсен Тәжібай, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

-Ақпарат агенттігін құру біздің жоспарымызда бар. Бұл да жаңа медиа орталықтың бір тынысы болады. Түркістан түркі әлемінің мәдени рухани орталығы  болғандықтан халықаралық ақпараттық нарықтағы түркі әлеміне қатысты ақпарат құралдарына Түркістан қаласында өкілдік ашу жөнінде ұсыныстар жасаймыз. Келіскен жағдайда осы орталықтан орын беріп, бірге жұмыс істеу жоспарымызда бар.

Өңірдегі медиаорталықтың ашылуын ең алдымен ақпарат айдынында жүрген тілшілер қауымы асыға күтіп жүр. Нысанның құрылысы желтоқсан айында аяқталып, пайдаланылуға беріледі.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Телеканал Хабар 24