379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Биыл Құрық теңіз порты арқылы 2,5 млн тонна жүк тасымалдау жоспарланды

  • 189
  • UPD: 09:50, 26.04.2019

Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1 миллион тоннаға көп.

Екі жыл бұрын іске қосылған қазақтың екінші теңіз порты бүгінде еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыруға зор үлес қосып отыр. Айлақтан тек Қазақстанның ғана емес, Қытай мен Орталық Азия елдерінің тауарлары Еуропаға тасымалданып жатыр.

Қазір портта екі бірдей теміржол айлағы жұмыс істеп тұр. Әрқайсысы тәулігіне 50 вагон жүк сыйып кететін төрт бірдей алып кемені қабылдап-жөнелте алады. Вагондар көпірден өтіп, лифт арқылы кемеге тиеледі. Былтыр осы паром кешені арқылы 210 кемеге жүк артылған. Құрық портында теміржолдан өзге қуатты автомобиль айлағы бар. Ол жылына 20 мың көлікті қабылдауға қауқарлы. 

Талғат Оспанов, Құрық теңіз порты директорының орынбасары:

- 2018 жыл бізге Құрық портына өте жақсы жыл болды деуге болады. Елбасының қатысуымен Құрық портында автомобиль құрамы ашылды. Көптеген шетелден, осы Каспий теңізіндегі Әзірбайжан, Түркіменстан, Ресейден әріптестеріміз келіп, бәрі оң бағасын беріп, Құрық портының ашылу салтанатына қатысқан болатын. 2018 жылы тасымал көлемі 2017 жылға қарағанда 10 пайызға көп болды. Ол 1 млн 610 мың тонна. Кемелердің саны 453 кемені біз бір жылда өңдедік осы портта.

Елімізде екінші теңіз портының іске қосылуы аймақтағы әлеуметтік мәселенің шешілуіне де жол ашты. Қазір жаңа портта 300-дей адам еңбек етеді. Жұмысшыларға арнап 120 адамдық жатақхана тұрғызылды. 25 жастағы Азат Арықбаев – үш тілді еркін меңгерген білікті маман. Ол порттағы халықаралық талапқа сай жабдықталған қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді. Жақын жердегі жатақханада тұрады. Жұмыс пен баспана мәселесі шешілген жас маман жақында отау құрып, отбасылы болыпты.

Азат Балықбаев, экспедиторлық бөлімінің маманы:

- 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс жасап келе жатырмын. Мен экспедиторлық бөлімінің маманы боламын. Осында жолаушылар мен жүргізушілердің құжаттарын рәсімдейміз. Бүкіл жұмыс автоматты түрде жүргізіледі. Осындай таза әрі әдемі ғимаратта отырамыз.  

Құрық порты – Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің ең маңызды бөлігі. Әзірге тек Әзербайжан порттарымен әріптестік орнатқан порт басшылары алдағы уақытта өзге порттармен де байланысты арттыруды көздеп отыр. Жыл соңына қарай Иран мен Түркіменстан елдеріне жүк тасымалдана бастайды. Осылайша жылдық қуаты 6 миллион тоннаны құрайтын Құрық портры келер жылдары толық күшінде жұмысын бастамақ.

 Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Телеканал Хабар 24