378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Қазақстан мен Қытай арасында логистикалық салада тығыз әріптестік орнаған

  • 123
  • UPD: 10:08, 26.04.2019

Бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайта түспек.

«Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында еліміз - Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік елге айналды. Қазірдің өзінде Қытаймен шекарада кедергісіз сауда жасау үшін «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын құру жұмысы толығымен аяқталған. Онда 79 қатысушы тіркелген.

«Бір белдеу, бір жол» бұл бүгін ғана пайда болған жоба емес. Оның тамырында тарихтың жаңғырығы бар. Себебі, Еуропа мен Азия елдерінің тарихи байланысы қайта жанданды. Ал, Қазақстан осы байланыстың бел ортасында тұр. Экономикалық белдеу өз жолындағы көптеген елдердің сауда-саттығына орасан зор пайдасын тигізді.  Тек өткен жылдың өзінде еліміз бен Қытай арасындағы алыс-беріс 426 миллион долларға жеткен. Қытайлар Қазақстанның бидайын көп сұрайды екен. Сондықтан, сол елге 562 мың тонна бидай жіберіліпті. Ал көршіміз Қазақстан арқылы Еуропа және Орталық Азия бағытына, Каспий маңындағы Түркия, Грузия, Иранға өз жүктерін еркін тасымалдайды. 

Шахрат Нұрышев, Қазақстанның Қытай халық республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі:  

-Екі жыл бұрын Елбасы Қазақстанға жақындағы 4-5 жылдың ішінде транзиттен түсетін пайданы 5 миллиард долларға дейін жеткізу қажет деген мақсат қойған болатын. Қазір транзитпен өтіп жатқан пойыздардың санына қарайтын болсақ, бұл мақсатқа біз жақындағы 2-3 жылда жетеміз деген сенім бар. Мысалы былтырдың өзінде теміржолмен жүк тасымалы осы екі бекет арқылы 14 миллион тоннаға жуық жүкті тасымалданды.

«Бір белдеу, бір жол» мегажобасы аясында Ляньюньган кемежайындағы қазақ-қытай транзиттік логистикалық базасы тұңғыш рет Тынық мұхитына жол ашты. Енді Қазақстан Еуразияны алып мұхитпен байланыстыратын маңызды көліктік хаб саналады. Бүгінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» тас жолының 3 мың шақырымға жуығы елімізге тиесілі. Қытайдан тасымалданатын өнімдер  16 тәулік ішінде Еуропаға жеткізілуі тиіс. Айтпақшы, биыл Құрық айлағынан 2,5 миллион тоннадан аса жүк тасымалданады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 1 млн тоннаға көп.

Чжан Сяо, ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі:

- «Бір белдеу-бір жолға» 6 жыл толды.  Жобаның Қазақстан мен Қытайға берері мол. Өздеріңіз білесіздер, аталған жобаны 2013 жылдың қыркүйек айында Қытай төрағасы Си Цзинпинь Қазақ еліне бірінші мемлекеттік сапарымен келгенде ұсынған болатын. Сол кезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастамаға бірден қолдау білдірді. Содан бері, Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатымен Қытайдың Жібек жолы экономикалық белдеуі, үйлестімді жұмыс жасап келеді. Бүгінде құны 27 миллиард АҚШ долларын құрайтын, 55  индустриялық-инвестициялық ірі жоба басталды. Оның 9-ы бүгінде пайдаға жарап жатыр.

Соңғы 10 жылда еліміздің көліктік саласын дамытуға шамамен 30 миллиард доллар инвестиция салынған. 2 мың шақырымнан астам темір жол төселді. Каспий теңізіндегі порттың қуаттылығы 26 млн тоннаға дейін ұлғайтылыпты.

Зейнолла Ахметажнов, ҚР ИИДМ Транзит және көлік логистикалық  даму департаментінің басқарма басшысы:

- Теңіз арқылы тасымалданатын жүк 40-45 тәуілікті алса, біздің жолдар арқылы 15 күнде діттеген жерге жеткізіледі. Өткен жылы автокөлік және темір жол арқылы 19 миллион тонна транзиттік жүк тасымалдады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 6 процентке жоғары көрсеткіш. 

Жобаның жемісті жүзеге асуының арқасында бірқатар елдің экономикасының тамырына қан жүгірді. Жалпы «Жібек жолы» экономикалық белдеуін сақа сарапшылар елмен елдің ынтымақтастығын нығайтатын алтын көпір деп бағалап отыр. 

Авторы: Айнұр Қуатқызы

Телеканал Хабар 24