378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Қызылорда облысындағы 29 колледждің жартысында жатақхана жоқ

  • 96
  • UPD: 22:09, 30.04.2019

Мұнда әр оқу орнында жүздеген студент баспанадан таршылық көріп жүр.

Nur Otan партиясының «Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының» орындалуын бақылайтын қоғамдық кеңесі отырысында осы және өзге де мәселелер талқыға түсті. Жалпы кеңес әр өңірде осындай жиын өткізіп саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы білім беру мәселелеріне баса көңіл бөліп жатыр.

Қызылордадағы медицина колледжінің  300 студенті жатын орынға зәру. Ауылдан білім іздеп келген жастар пәтер жағалап жүр. Бұл мәселе келесі жылы шешімін табатын болды. 5 әлеуметтік бастаманың орындалу барысын бақылайтын қоғамдық кеңестің отырысында студенттерге қажетті жағдай жасау мәселесі көтерілді. Әсіресе жекеменшік колледж басшыларына нақты ұсыныстар айтылды. Мысалы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары аясында 3 оқу орнына жатақхана салу жоспары бекітілді.

Майра Мелдебекова, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Ықсанов атындағы политехникалық колледж және Ысқақов атындағы құрылыс және бизнес колледжінің 400 орынға мәселесі шешілді. Сонымен қатар медициналық колледж 300 орын жалпы 700 орын мәселесі шешілген. Колледждер жеке болғандықтан осы тәсілмен жеке меншік инвесторды өздері қарастырып, тауып осы мәселені шешуге тиіс. Бағдарламада көрсетілгендей 2020 жылға дейін біз барынша қамту керекпіз.

Ал Орал қаласындағы жиында «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында жасалып жатқан жұмыстар айтылды. Өнегелі өмірімен жастарға үлгі болатын аға буын өкілдері тағылымды әңгіме  өрбітті.

Клара Саржанова, «Ару аналар» ансамблінің жетекшісі:

- Мақсатымыз барған жерде әуелі тәрбие жұмысына балалардың тәртіпті болуына, жақсы болып, патриот болуына еліне, самый главный бізге жетпейтіні бізге дисциплина. Кешікпей бару, ерінбей, бір айтқанда істемесе іс болмайды. Неде болса сол бір айтқанда орындау керек. Біздің сол соғыс уақытынан қалған тәрбиеде өте жақсы.

Ал ақтөбелік жастар облыстық  Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы бірлестіктердің өкілдерімен кездесті. Жиында қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді одан әрі нығайту жайы сөз болды. Жалпы, өңірде 19 этно-мәдени бірлестік бар. Оларға өз салт-дәстүрлерін сақтап, тілдерін үйренуге бар жағдай жасалған.

 «Нұр Отан» партиясының Қостанайдағы қоғамдық кеңес мүшелері болса, құрылыс алаңдарын аралады. Мақсат-Елбасының бес әлеуметтік бастамасының орындалу барысымен танысу. Жалпы, өңірде биыл  «7-20-25» бағдарламасымен 600-ден астам пәтер тапсыру жоспарланып отыр. Жеңілдікпен баспана алғысы келетіндердің қатары көп.

Әсет Қуанышбаев, ҚР Ұлттық банкі ҚОФ бөлім басшысы:

- Пәтерлердің саны көп болғандықтан, халық жағынан да үлкен қызығушылық бар болғандықтан бұл сан әлдеқайда жоғары болады деп есептеймін. Айдан айға, жылдың соңында талдау жасаймыз ғой, бұл сан енді екі есе артады деп ойлаймын.

Елбасының 5 бастамасының орындалуына бақылау жүргізу Нұр Отан партиясына тапсырылған болатын. Партиямен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы да әлеуметтік жобалардың іске асуын қадағалай алады. 5 бастамадағы міндеттерді орындау үшін мемлекет қомақты қаржы бөлді. Яғни бөлінген ақша мақсатты түрде жұмсалуы тиіс.

Авторы: Ақсәуле Байменшина

Телеканал Хабар 24