378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Оралда үйлердің қабырғасына тәрбиелік мәні зор сурет салу ісі қолға алынды

  • 163
  • UPD: 09:05, 05.05.2019

Оралда сәулет ескерткіші ретінде саналатын 100-ден астам ғимарат бар. Қазір қала билігі аталған нысандарды өз иелерінің есебінен жөндеу жұмыстарын бастап кетті.

Сонымен қатар қаланың орталық көшелеріндегі көп қабатты үйлердің қабырғасына тәрбиелік мәні зор тағылымды суреттер салу ісі қолға алды.     

Дарья Запрометова  дизайнер мамандығын меңгерген. Сәкен Ғұмаров атындағы сурет мектебінің түлегі. Бұған дейін қаладағы жерасты жолдарында сурет салып тәжірибе жинапты. «Стрит-арт» аталатын жанрдың қыр-сырымен жеткілікті таныс. «Қабырғаны безендіру туралы қала билігінің ұсынысын қуанышпен қабылдадым. Өйткені Әлия мен Мәншүк, Хиуаз сынды батыр апаларымызды бейнелеу біз үшін зор мақтаныш» дейді суретші.   

Дарья Запрометова, суретші:

- Бұл үйдің таңдауымызға бірнеше себеп бар. Біріншіден, үй қабырғасының кеңдеу болғанын қаладық. Сосын күн сәулесі жақсы түскені дұрыс. Майлы бояулар 4 жылға есептелген. Яғни салған суретіміз осынша уақыт тұрады деп сенеміз.      

Көне шаһарда сәулет ескерткіші саналатын тарихи ғимараттар баршылық. Көбі мемлекет деңгейінде қорғауға алынған. Қала келбетінің келісті болмағы баршамызға сын. Әр тасы тарихтан сыр шерткен ғимараттарды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Ал қазақтың қайсар қыздарын көрнекті жерлерге бейнелеу кейінгі жас буынды тәрбиелеу үшін қажет екен. 

Юрий Степаненко,  қала тұрғыны:

- Ұлы жеңіс мерекесі қарсаңында қолға алынған бұл істі өте дұрыс деп есептеймін. Сұрапыл соғыста елін жаудан қорғаған жауынгерлер ерлігі ұмытылмайды. Ол кезде небары 16 мен 18 жастың арасындағы бұл батыр қыздарымыз ерліктің өшпес үлгісін көрсетті. Сондықтан, олардың ерлік даңқы мәңгілік деп есептейміз. 

Бақытжан Нарымбетов,  қала әкімінің орынбасары:

- Меншік иелерінің есебінен осыларды қасбеттерін әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни бұл жерде бюджеттің қаражатынан емес  сол меншік иелері осы жұмысты атқарып жатыр. Біздің мақсатымыз осы қаламыздың көрікті шаһарымыздың тарихи маңызын, келбетін сақтап қалу.  

 Ақжайық атырабындағы ажарлы, базарлы шаһар бүгінде 300 мыңдай тұрғынның ортақ қонысы. Жыл санап жаңарып, жасара түскен қалада сәулеті келісті замануи ғимараттар саны да артып келеді. Оған жаңадан салынған мәдениет ошақтары, алаңдар мен спорт кешендері дәлел. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Телеканал Хабар 24