378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Саха Республикасынан келген қонақтар Яссауи кесенесіне зиярат етті

  • 135
  • UPD: 15:38, 05.05.2019

Түркістанның туристік әлеуеті артып келеді. Жыл басынан бері киелі шаһарға Индонезия, Сингапур, Малазия және Ресейдің Саха Республикасынан туристік операторлар мен БАҚ өкілдері келіп, туризмді бірлесіп дамытуға уағдаласты.

Өңірде осы саланы дамыту бағытында қандай жобалар қолға алынған? 

Жандос Жұмабек, тілші:

- Расында, соңғы 1 жыл ішінде Түркістанның даңқы аспандап, абыройы арта түсті. Отандық БАҚ құралдары мен шетелдік басылымдар тарихи шаһар жайында жарыса жазды. Оған алдымен, Елбасының Түркістанды облыс орталығы етіп жариялап, барша түркі халықтарының рухани астанасына айналдыру туралы бастамасы сеп болды. Жыл басында Индонезияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рахмат Промономен аймақ басшысымен кездесіп, туризмді бірлесіп дамытуға уағдаласты. Себебі Индонезияда Қазақстанды, оның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін және өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді көргісі келетін саяхатшылар көп. Сонымен қатар жақында ғана Түркістанда малайзиялық туристік операторларға арналған ақпараттық тур өтті. Оған Малайзияның 12 жетекші туристік операторлары қатысты. Түркістан өңірінің туризмін дамытуға арналған шара аясында облыстың басты көрнекті нысандарына «Ұлы Жібек жолы» тақырыбында экскурсия ұйымдастырылды. Осы тур арқылы өңірге Малайзиядан келетін саяхатшылар саны артады деген сенім бар. Жалпы Түркістан облысында түркі әлеміне ортақ құндылықтарды насихаттауда жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Кеше ғана Түркістан өңіріне Ресейдің Саха Республикасынан бір топ журналистер саяхаттап келді. Қонақтар Арыстан баб, Қ.А.Яссауи кесенесіне тәу етті.

Қазір Түркістан алып құрылыстың орталығына айналды. Мұнда шығыстық үлгідегі ғажайып ғимараттар салынып жатыр. 1-2 жылда киелі шаһар сауда-саттығы қайнаған, тарихи-мәдени орындарына саяхатшылары ағылған нағыз туризм ордасына айналады. Өткен жылы мұнда 1,5 млн жуық саяхатшы мен зияратшы келген. Ал туристік индустрияны дамытудың тұжырымдамасына сәйкес, 2025 жылы Түркістан өңіріне 5 миллионға жуық турист келеді деп жоспарлануда.

Телеканал Хабар 24