420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Алматы облысында 37 мыңнан аса адам тұрақты жұмысына оралды

  • 217
  • UPD: 21:15, 22.08.2020

Шектеу шаралары жеңілдеген соң Алматы облысындағы 37 мыңнан аса адам тұрақты жұмыс орнына оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басым көпшілігі шағын және орта кәсіптен нәсіп тауып жүргендер. Олардың карантиннен кейінгі жұмысы қалай жүріп жатыр?

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Сән салонының иесі Альфия Хакимова үшін карантин режимі нағыз сынақ болды. Елмен бірге қиындықты еңсерген ол кәсібіне енді кірісіп жатыр. Жұмыс кестесі мен санитарлық талаптың күшеюінен қызметіне жүгінетіндер саны бұрынғыдан азайыпты. «Дегенмен, бұл үйде отырғаннан әлдеқайда жақсы», - дейді кәсіпкер.

Альфия Хакимова, кәсіпкер:

- Бір жарым ай үйде отыру біздің қаржылық жағдайымызға өз әсерін тигізді. Енді жақын күндері толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік береді деген ойдамыз. Тезірек жағдай қалыпқа келіп, карантин деген сөзді ұмытсақ екен.

Қосымша білім беретін мекемелердің де жұмыс жүйесі өзгерді. Мәселен, қазір тіл үйрету орталығының ұстаздары қорғаныш құралдарымен сабақ береді. Ал, тәлімгерлер бір-бірінен бір жарым метр қашықтықта отырғызылады.

Румия Ногина, логопед-дефектолог:

- Біздегі әрбір ұстазда бес баладан болады. Олардың арақашықтықты сақтауын үнемі қадағалап отырамыз. Үзіліс кезінде есік-терезені ашып, ауаны тазартып аламыз. Үстел үстін ылғалды шүберекпен сүртеміз. Кварц шамымен зарарсыздандырамыз. Бұл сақтық үшін өте қажет.

Сауда үйлерінің де өзіндік санитарлық талаптары бар. Жұмысшылардың барлығы бетперде тағып жүруі тиіс. Әрі әрбір бөлімде зарарсыздандыру сұйықтықтары болу шарт. Тұтынушыларды топтастырмай, кезекпен кіргізуі керек. Кәсібін жандандыру үшін кәсіпкерлер Infokazakhstan порталына тіркеліп, рұқсат құжатын алуы қажет.

Салтанат Тортаева, өңірлік Кәсіпкерлік палатасының сарапшысы:

- Infokazakhstan платформасына тіркелгеннен кейін көп обьектілерінің 90%-іне дейін хабарландыру беріледі. Ал, екі мың шаршы метрден асатын сауда орындары тексерістен кейін ғана рұқсатын алып, жұмыс істей бастайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің Infokazakhstan интернет-порталына Алматы облысының 6 мыңнан аса кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Олардың 80%-і жұмыс істеуіне рұқсат алыпты. Бұл шамамен 37 мыңнан аса адамның тұрақты жұмыс орнына оралып, қалыпты тіршілігіне көшті дегенді білдіреді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Әділхан Сахари, Олжас Байбосынов

Телеканал Хабар 24