427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Өзбекстанның Абай ауылындағы қандастарымыз тілі мен ділін берік сақтап келеді

  • 214
  • UPD: 15:55, 26.09.2020

Жұмыр жердің 33 елінде 5 миллионға жуық қазақ тамырын тереңге жайып, ұрпақ өрбітіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол қалың қазақтың үлкен шоғыры Өзбекстанда тұрады. Тілі мен ділін сақтап, дәстүрін берік ұстанған қандастарымыздың бір бөлігі Абай ауылында өмір сүреді. Мұндағы ағайынның амандығын осы елдегі меншікті тілшіміз Жасын Біркенов біліп қайтты.

Жасын Біркенов, тілші:

- Келмеске кеткен Кеңес кезеңінде совхоз болған бұл жер Волков ауылы еді. Ал 1994 жылы бұл елді мекенге ұлы ойшыл, кемеңгер, ақын Абайдың аты беріліп, есесіне мұндағы халық бөркін аспанға атты. Өйткені мұнда тұратын тұрғындардың дені – қазақтар.

Реджеп Оңғарбаев, Абай ауылының тұрғыны:

- Кеңес Одағы кезінде осы жер республикада шаруа өнімдері – сүттен, еттен беруде одақта бірінші орында орындаған. Бүкіл Кеңес Одағы кәсіподақтың қызыл байрағын Волков әкеліп тапсырған осы жерге. Содан бастап Волков созхозы болды 1994 жылға дейін.

Бұл ауылға Хәкім Абайдың аты ақынның 150 жылдығына орай берілген.

Қазір мұнда 2,5 мыңдай қазақ түтін түтетіп отыр. Өзбек жерінде топырақ бұйырған ағайынның ошағы сөнбей, көгеріп-көктеген екен. Қандастарымыз мақта, егін, жүгері өсіріп күн көреді.

Реджеп Оңғарбаев, Абай ауылының тұрғыны:

- 4,5 мыңнан астам халық бар. Әртүрлі ұлт бар. Көбі қазақтар. Шамамен 60% болса керек. Қалғандары өзбектер, татарлар, кәрістер. Көпұлттымыз біз. Қазақтардан найман бар, шаңышқылыға қарайтын көшек бар. Тама деген ру бар. Бесұл деген ру бар.

Тамырын тереңге жайып, ұрпақ өрбітіп отырған қазақтардың балалары қазақ тілінде білім алады. Ауылдағы №16 мектепке дара һәм дана Абайдың аты берілген.

Лола Жүзбаева, Абай Құнанбаев атындағы №16 мектеп директоры:

- 2018 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы болғандықтан, Президент Шавкат Мирзиеев осы мектепке Абай атын берді. Содан бері Абай атындағы №16 мектеп болып аталып келеміз. Мектепте 405 оқушы оқиды. Жартысы өзбек тілінде. 205 бала қазақ тілінде сабақ өтеді.

Абай атасының сөзін жаттап, тұлымды қыз, айдарлы ұл өсіп келеді бұл ауылда. Оқушылар ақынның өлеңдерін оқып, әндерін айтып, осылайша, ұлт ұстазының мұрасын дәріптеп отыр. Кіндік қаны өзге елдің топырағына тамса да, қазақ баласы деген атқа лайық болуы үшін мұндағы бауырларымыз барын салып жүр.

Зарина Аликулова, оқушы:

- Біз Өзбекстанда тұрып, біздің ауылға Абай аты берілгеніне қатты мақтанамыз. Және осыншама қазақтың арасынан Абай аты берілгені біз үшін үлкен жүк болып есептелінеді. Біз бұл атқа үнемі лайық болуымыз керек.

Өскелең ұрпақ атажұртын ұмытқан емес. Өйткені үйде де, түзде де аталы сөзді, арғы тегін құлаққа құйып, жүрекке сіңіріп отырған ұстаздары да, ата-әжелері да бар. Мұндағы қандастарымыз ана тілге де берік. Қиырдағы қазақтар жоғары оқу орындарында да қазақ тілі мамандығын таңдайды екен.

Сандуғаш Исмаилова, мұғалім:

- Гүлістан мемлекттік университеті және Ташкенттегі Низами атындағы университетте қазақ тілі және әдебиет мұғалімі енгізілген. Ол сабақтардың ішінде жеке Абайтану пәні де енгізілген.

Бүгінде Өзбекстанда 2 млн-ға жуық қазақ тұрады. Олар – бірлігі жарасқан, бір үйдің баласындай бір-бірін қолдауда тартынып қалмайтын қандастарымыз. Бізді қуантқан тағы бір жәйт, мұндағы қазақтар қызын өзге ұлтқа бермейді. Тектілік дерсіз. Бұл мұндағы қауымның дәстүрге беріктігін байқатса керек.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Телеканал Хабар 24