Судьялар заман талабына сай біліктілігін арттырып отыруы тиіс

Ақмола облысында өткен «ҚР Судьялық әдеп кодексін одан әрі жетілдіру» атты республикалық семинарда саланың осы және өзге де мәселелері мен алдағы даму жоспары талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған еліміздің барлық аймағынан сот әдебі комиссиясының төрағалары, орталық судьялар кеңесінің мүшелері мен сот жүйесіндегі басқа да мамандар қатысты. Сондай-ақ, шетелдік сарапшылар судьялардың этикасын жетілдіру бойынша өз ойларын ортаға салды. Тіпті олардың қызметтен тыс уақыттағы әдебі жайлы да сөз қозғалды. «Семинарда жасалған ұсыныстар мен ескертулер, міндетті түрде қаперге алынады»,– деді судьялар.

Алма Есімова, судья:

– Конференцияда айтылған ұсыныстардың барлығы Жоғарғы соттың назарына жеткізіледі. Сондай-ақ олар бөлек талқыланып, солардың негізінде Судьялық әдеп кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Проблемалық сұрақтарды шешу қарастырылып жатыр, ал жақын арада шешу мүмкіндігі болмайтындары алдағы уақыттың жоспарына қосылады.