Жол сапасы сын көтермей тұр

Жолдың әр бөлігінде орналасқан сары тақтайшалардағы жазуларға сенсек, жұмыстың басталуы  – 2017, аяқталуы – 2022 жылдың жетінші маусымы екен.

Алайда жұртта үміттен гөрі күдік басым. Өйткені 4 жылда атқарылған жұмыстың түрі мынау, ескі асфальт сыпырылып алынып тасталған. Жаңа айналма жолдың өзі оңып тұрған жоқ. Жаздың ортасы болса да әлі күнге жыбырлаған техника, жанталаса жұмыс істеп жатқан адам көрінбейді.

Халықаралық транзиттік әлеуетін былай алғанда бұл жолдың Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары үшін маңызы зор. Күніне мыңдаған жолаушы Семей, Өскемен, Нұр-Сұлтан, Алматы бағытына осы жолмен жүреді. 400 шақырымнан астам трассаның қазір жартысын қытайлық компания, ал Қалбатау мен Боғас арасындағы бөлігін қазақстандық «ҚазГерСтрой» мекемесі қайта жаңғыртумен айналысып жатыр. Жұрттың өкпесі мен реніші осы соңғы мекемеге қатысты болып тұр.

Айдын Ескенов, «Қазавтожол» ҰК АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары:

– Қазгерстройкомпаниясының Қалбатау-Майқапшағай бойынша 200 шақырым жол телімін қайта жаңғыртумен айналысып жатырмыз. Қаржылық тапшылықтар болуына байланысты көктемде осы жұмыстар баяулады. Бүгін 80-ге жуық техника, 126 адам жұмылдырылды. Қазір битумды тосып отыр, одан кейін асфальт жұмыстарын 2-ші және 1-ші участокта бастау жоспарлап жатыр. Құрылыс материалдарының тапшылығы емес, бағасының қымбаттауы бойынша мәселелер бар.

Серікбай Ырысымбетов, Көкпекті ауылының тұрғыны

Жол өте жаман, осы Қалбатауға дейін бірнеше жыл жасалып жатыр. Бір бітпей қойған жол болды. Үлкен ховалар шығады, 40-50 тонна тиейтін, сол көліктер біздің жолымызды бұзып жатыр. Бәрін ойып-ойып тастайды. Енді олардың басқа жолы жоқ. Осы жолмен жүре берсе де бізге бір грейдер, су шашатын мәшине, камаз қойып қойса. Тесілген жерлерді, шұңқырлардың бәрін түзетіп отырса, бізге сол керек. 

Олжас Қилыбаев, Көкпекті ауылының тұрғыны:

3 ай істеді, одан кейін күз, кейін қыс болды. Қыстан кейін карантин деді. одан кейін, анығын білмеймін, 15-18 миллиард ақша жоғалып кетті деді. Біреу банкрот болды деді де, субподрядчиктердің бәрі бір-ақ күнде жоқ болды, техникаларын алып, жан-жаққа кетті. Аягөз, Зайсан деген басқа участоктарда жол жөндеуге кетті. Мына жол сол беті қалды.

Осындай арыз-шағымдарын айтып тұрғындар неше рет мердігер компаниялардың басшылығымен кездескен. Ең болмаса, негізгі жолды іске қоса алмаса, айналма жолдардың сапасы бақыланса дейді тұрғындар. Өйткені шоқалақтар күннен күнге көбейіп жағдай ушығып кеткен. Тіпті олқылықтарды 2 аптаның ішінде орнына келтіреміз деген уәде де беріліпті. Алайда сөз бен істің арасы алшақ, нәтиже шамалы болып тұр.

Айдын Ескенов, «Қазавтожол» ҰК АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары:

– Қазгерстрой компаниясы қазіргі уақытта техникаларын шығарып, жөндеу жұмыстарын, айналма жолдарды тегістеу, жамау жұмыстарын істеп жатыр. Көліктік бақылау инспекциясы келіп жұмыстарын атқарып жатыр. Бұдан да ауыр көліктер жүріп жатыр. Өздеріңіз жолдан көрген шығарсыздар. Құзыретті органдардың бақылауында, ол кісілер де жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Серікбек Мұқаметқалиев,  Көкпекті ауылының тұрғыны:

Сондай қатты жұмыс та жүріп жатқан жоқ. Екі-үш камаз жүр, мынадай үлкен нысанға ол түк те емес. Ескі жолымызды бұзып тастады. Айналма жол жасалмай жатыр, ол шындық. Екі аптаның ішінде кемшіліктерді жоғалтамыз деген. Екі апта болып қалды, басын да бастаған жоқ.

Көрген көзде жазық жоқ. Көлігіміз Боғас пен Қалбатау арасын екі рет жүріп өтті. Өкінішке қарай, тегістеуші бір трактордан басқа қаптаған техника, бұрқырап жатқан жұмыс көрінбеді. Жергілікті тұрғындар биыл да жол құрылысы аяқталмай, айналма жолдар күзгі жауын-шашын кезінде әбігерге сала ма деп алаңдаулы.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Материалы по тегу