Күзет орнына «Ashyk» жүйесіне қосылған арнайы турникеттер тексереді

Сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтарына кіргізу үшін адамдарды күзет емес, осындай құрылғылар тексеруі мүмкін.

Ашық жобасының тиімділігін арттыру мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүйеге қосылған турникеттерді орнатуды ұсынады. Себебі цифрлық жүйесі бар құрылғылар адами фактордың алдын алып, кіріп-шығуды жіті бақылауға мүмкіндік бермек. Яғни бір мезетте нысанның бірнеше есігінен адамдар топ-тобымен кіргенде, бәрін бірдей мұқият тексеру қиынға соғады. Ал турникеттер бұл жұмысты оңтайлы етпек. Оған қоса, «Ashyk» жобасында тіркелген нысандардың тексерісті тиісті деңгейде өткізіп жатқанын қадағалауға болады. Мәселен, кей сауда орталықтарына бір күнде мыңдаған адам кіріп-шығуы мүмкін. Егер ашық жүйесінде бұл көрсеткіш анағұрлым төмен болса, онда өңірлік комиссия бизнес нысанын тексеруге шыға алады. Әзірге бұл ұсыныс ведомствоаралық комиссияның қарауында. Егер ол мақұлданса, онда кәсіпкерлер турникеттерді өз қаржысына орнатады.

Бауыржан Оразғалиев, ҚР «Атамекен» ҰКП Өңірлік даму департаментінің директоры:

– Бұл турникет шиеленістер, қандай да бір қақтығыстың алдын алады деп ойлаймын. Мысалы, сауда орталықтарындағы адамдардың ешқандай құқық қорғау функциялары жоқ қой. Адамды шектей алмайды, дегенмен олар құқық қорғау органдарына хабарласады. Ол кезде біраз уақыт кетеді. Жалпы бұл адамдарды тәртіпке үйретеді деп ойлаймыз.