Ертең Құрбан айттың бірінші күні

Биыл айт намазы санитарлық норма талаптарына сәйкес, «сары», «жасыл» аймақтарда мешіт ауласында ғана оқылады.

Жамағат қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы және айт намазы біткен сәтте мешіт ауласында ұзақ тұрақтамауы тиіс.

Шариғат бойынша, Құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – міндет. «Бай» деп қандай адамды атаймыз десек, мал-дүниесі нысап мөлшеріне жеткен адамға айтылады екен. Яғни 40 қой, 30 ірі қара немесе 5 түйесі бар адам. Ол болмаса қажеттілігінен артық 85 грамм алтын, яғни 1 230 000 теңге қаражаты бар жан Құрбан шалады. Ал жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес. Бас мүфтидің айтуынша, айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

Наурызбай Қажы Тағанұлы, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти:

Мен алдын-ала кәсіпкерлерге өзімнің үндеуімді жолдаған болатынмын. Қасиетті мерекеде бір-бірімізді қолдайық. Малдың бағасын шарықтатпай, бағаны тұрақты ұстайық. Кәсіпкерлер тиімді бір бағаны бекітіп, өзара келіссе жақсы болар еді. Бұл жерде ең үлкен мәселе кәсіпкерлер тарапынан болып отыр, арнайы осы мерекені пайдаланып бағаны қымбаттату өте ұят дүние болар еді.

Бас мүфтидің үндеуіне құлақ асқандар құрбандық малдарын қаладағы мал базарына таси бастапты. Жергілікті билік бекіткен қасапханалар санитарлық талапқа сай жасақталып жатыр. Онда да «сары» және «жасыл аймақтағы» құрбандық шалатын арнайы орындар «Аshyq» қосымшасымен жұмыс істейді. 

Елордадағы мал базарларында құрбандыққа шалынатын бір қойдың құны 50 мыңнан 90 мың теңге аралығында сатылып жатыр. Елдегі эпидахуалға байланысты «қызыл аймақтағылар» құрбанды онлайн түрде шалады.

Биыл құрбан шалу рәсімі екі жолмен жүзеге асырылады. Бірінші, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жерлерде шалынады. Онда да, жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып «сары» және «жасыл аймақтарда» онлайн және офлайн форматта өткізіледі. Екінші, еліміздің «қызыл» аймақтарында шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес «qurban2021.kz» сайты арқылы тек онлайн режимде жүзеге асырылады.

Еркебұлан Рүстембеков, мал базарының басшысы:

Қасапханамыз талапқа сай. Құрбан айтқа тас түйін дайынбыз. Ішек-қарындары ысырап болмас үшін, арнайы цехта жуылып,  арнайы орындарға тапсырылады.

Қазір қасапханаға қойылатын тәртіп жоғары. Ең бастысы, малдың шариғат талаптарына сәйкес сойылуы қатаң қадағаланады. Құрбан малын онлайн шалған күннің өзінде тапсырыс беруші адамға бейне есеп беріледі.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ержан Қанапияұлы Жандос