Үрлітөбе шекаралық бекетінде мемлекеттік шекара заңын бұзудың 60 дерегі тіркелген

Халықаралық бақылау-өткізу бекеттері – мемлекеттік шекара күзетінің ең маңызды бөлігі. Үрлітөбе автокөлік өткізу шекаралық бақылау бөлімшесі Павлодар мен Ресейдің Омбы облысы аралығында орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан бері мемлекеттік шекараны 100 мыңдай адам кесіп өтсе, оның 41 мыңы шетел азаматы екен. Соңғы жылдары бөлімшенің материалдық-техникалық базасын жаңартуға баса мән беріліп отыр. Өйткені дәл осы өткізу бекеті арқылы қару-жарақ, есірткі заттарын тасымалдаудың жолы кесіледі.

Үрлітөбе көлік өткізу бекеті 2003 жылы ашылған. Ресей Федерациясының Омбы облысымен шектесетін аумақта екі ел арасындағы көлік қатынасына, жолаушылар мен жүк тасымалына бақылау жасалады.

Үрлітөбе көліктік өткізу бекеті арқылы мемлекеттік шекараны кесіп өтпек болған әрбір жеке тұлға, көлік құралы, жүк пен тауарлар жіті тексеріледі. Бұл жерде санитарлық-карантиндік, ветеринариялық, фитосанитариялық және кедендік бақылау жүргізіледі. Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту, қару-жарақ алып өту немесе есірткі тасымалы сынды қауіпті қылмыстардың да беті дәл осы жерде шекарашылармен ашылып жатады.

Шекара шебіндегі бақылауды қызметкерлер мен қатар иісшіл иттер де жүзеге асырады. Қызметтік иттер әрбір төрт сағат сайын ауысады. Мына неміс овчаркасы есірткінің 8 түрін іздеуге үйретілген. Жұмысқа кіріскен екі жыл ішінде 15 қылмыстың бетін ашуға сеп болыпты.

Дәулет Әбетанов, аға нұсқаушы:

– Жуырда жүк көлігін тексеру барысында құпия орыннан травматикалық қару табылды. Ары қарай іздестіру жүргізгенде иттің белгі беруімен түйіншек табылды. Ол сұрғылт-жасыл түсті өзіндік иісі бар зат екен. Алдын ала болжам бойынша, марихуана деп топшылап отырмыз.

Өткен жылы автокөлік бақылау бекетіне заманауи құрылғылар орнатылды. Олардың қатарында жолаушылардың қол жүгін тексеретін телевизиялық рентген құрылғысы да бар. Шекарашылар жүк ішіне жасырылған оқ-дәрілер мен есірткі заттарын осы жабдықтың көмегімен анықтайды.

Руслан Сүлейменов, «Үрлітөбе» шекаралық бақылау бөлімшесінің басшысы:

– Өткен жылдың қазан айынан бастап жеке тасымалдағыш бейнетіркеуіштер жеткізілді және оларды орнату жүзеге асырылды. Жұмыс соңында иондаушы сәулелерді генерациялайтын аспаптармен және қондырғылармен жұмыс істеуге лицензия алынды. Янтарь радиациялық кешені орнатылды. Бұдан басқа 2020 жылдың соңында Rapiscan телевизиялық аппараты жабдығын қолдану және теңгерімін қою бойынша жұмыс жүргізілді.

Жаңа құрылғылардың алынуы жұмыс барысына оң әсерін тигізген. Жолаушылар бұрынғыдай кезек күтіп тұрмайды.

Ирина Прут, қала тұрғыны:

– Мен осымен үшінші мәрте өтіп жатырмын. Симферопольда тұратын қызыма барып келемін. Маған бәрі ұнайды. Жұмысты жақсы ұйымдастырған. Барлық адамдарды мұқият тексереді.

Үрлітөбе көліктік бақылау бекетінен жыл басынан бері 100 мың адам өтіпті. Оның жартысына жуығы шетел азаматтары. Осы уақыт аралығында мемлекеттік шекара заңын бұзудың 60 дерегі тіркелген. Қос азаматтығы бар 30 адам анықталыпты. Есірткі, қару-жарақ пен оқ-дәрілер тасымалына қатысты 21 қылмыстың жолы кесілген.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Материалы по тегу