425,02 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

«Әкімдік қайда қарап отыр»: ауыз сусыз қалған қарағандылықтар шағымданды

  • 193
  • UPD: 08:16, 20.08.2021
«Әкімдік қайда қарап отыр»: ауыз сусыз қалған қарағандылықтар шағымданды

Қарағанды қаласының іргесіндегі аудан тұрғындары бір аптадан астам уақыт ауыз сусыз отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Ұзақ жылдарға жалғасқан бұл мәселе жергілікті халықты да мезі еткен. Себебі бау-бақшасы қурағаны былай тұрсын, қазылып, бірақ қайта жабылмаған арыққа балалар түсіп кете ме деп алаңдайды.

Бұл аудан тұрғындары үшін мына 5 литрлік бөтелкеден асқан құнды зат жоқ. Қаланың іргесінде тұрса да, су тоқтаса болды, тіршілік нәрін осымен тасып үйдегі ыдыстарды толтырып алады. Себебі үйге келетін құбыр бір жөнделіп бітпей қойған. Бұрын сыздақтап ағатын ауыз су бір аптадан бері мүлде тоқтап қалған. «Үлкен Михайловка» деп аталатын ауданға су жекеменшік мұнарадан келеді екен. Онда 75 тонналық қазандық бар. Тұрғындар ай сайын жан басына шаққанда 375 теңгеден төлейді. Су әр көшенің басындағы ортақ құдық арқылы келеді. Бірақ кейбірі су құбырын өзінің үйіне дейін тартып алмақ болған. Осы кезде су құбыры тесілген.

Николай Чукалин, жекеменшік су мұнарасын жалдаушы:

– Бұл жердегі су құбырлары не темір, не пластмасса емес, бетон трубалардан жасалған. Яғни асбестік трубалар деп аталады. Олар осыдан 50-60 жыл бұрын тартылған. Экскаватор келіп қазып жатқанда, сол бетон трубаны бірақ күйретіп кеткен. Салдарынан мына су далаға кетіп жатты. Жөндеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Тұрғындарға бүгін су беріледі.

Мәди Идрисов, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Бір демалыс бойы 150-200 отбасы сусыз отыр. Мына жақтан тасып әкелеміз. Сонда әкімдік қайда қарап отыр? «Қарағанды су» әдетте су болмағанда тасып әкелуші еді, ондай да көмек жоқ.

Ал жергілікті әкімдік болса қала іргесіндегі аудан тұрғындарының мәселесін біледі. Және келер жылдары ұзақ уақытқа созылған су мәселесі толығымен шешіледі деп отыр.

Бейсен Үсенов, Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары:

– Қазіргі таңда су құбырын салу жобасы аяқталды, сараптамада жатыр. Ол аяқталған соң келесі жылы құрылыс басталады. Келер жылы орталық су құбырына қосылады.

Әкімдік аталған ауданда ресми 188 үй бар дейді. Тұрғындар болса 400-ге жуықтадық деп отыр. Апталап судың болмауы салдарынан бау-бақшасы қурап сусаған халық орталық суға қосыламыз деген уәдеге үмітпен де, күдікпен де қарайды.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Телеканал Хабар 24