Алматыда алма ағаштарын кесіп жатыр. Тұрғындар дабыл қақты

Алатаудың бөктеріндегі алма ағаштарын кесу тоқтамай тұр. Өткен жылдан бері тау бөктерінің 3 гектары қырылып, жасыл желек тақыр жерге айналды. Оның арасында қызыл кітапқа енгендері де бар.

«Табиғатқа залал келтірілген аумаққа зәулім үйлер салынуы мүмкін», – дейді «Каменское плато» тұрғындары. Бұл аумақтың топырағы ауыр құрылыстарды көтере алмайды екен.

«Каменское плато» аумағындағы алма ағаштарын кесу жалғасуда. Табиғат жанашырлары жасыл желекке жаудай тигендерді тоқтатайық деп өткен жылы дабыл қаға бастаған еді. Мұндағы тұрғындардың өзекті мәселеге жергілікті биліктің назарын аударту амалдары да нәтиже бермей келеді. Оның бірден бір мысалы алма ағаштары тоқтаусыз оталып, қоршаулы бес аумақтың пайда болуы.

Василиса Қуанышева, қала тұрғыны: 

– Соңғы қоршау осы жылдың тамызында салынып, аумаққа жол тартылды. Бұл жолды салу үшін де алма ағаштарын отап, жерді тегістеді. Мұнда ауыр техника келсе үйлеріміз сықырлап кетеді. Бір жылдан бері жасыл желекті сақтап қалу үшін құзырлы органдарға арызданып жатырмыз.

Тіпті, инженер-геологтар да «Каменское плато» жанындағы бөктерге құрылыс салуға болмайтынын айтқан еді. Өйткені, аумақтың жер қыртысы жұмсақ болғандықтан топырақтың көшу қаупі де жоғары екен. Сондықтан Кеңес одағы кезінде бұл бөктерге алма ағаштары арнайы отырғызылған. Бүгінде 3 гектар аумақтағы жасыл желек түбімен жойылып кетті.

Людмила Лазаренко, қала тұрғыны:  

– Мына беткейдегі алма ағаштарын шетінен орып жатыр. Мұндағы табиғатқа қастандық бір күнде тоқтаған емес. Бүгін жайқалып тұрған алма ағаштарын ертесі күн таппай қаласың. Бұлай жалғасса алда не боларын білмейміз.

Камераға сұхбат беруден бас тартқан орманшының айтуынша, кесілген ағаштар Іле-Алатауы Ұлттық паркінің дәл қасында екен. Ал алма ағаштарының қырылып, аумақтың қоршалып жатқанын қалалық Жер қатынастары басқармасы былай түсіндірді.

Владимир Яковлев, қалалық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

– Өздеріңіз көріп тұрған аумақтағы 13 мың гектар жер біздің басқарманың және басқа да жауапты мекемелердің бақылауын талап етеді. Мұндағы жер телімдерінің 90 проценті Алматы облысына тиесілі кезде жеке тұлғаларға сатылып кеткен.

Еске сала кетейік, екі жыл бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының дамуы жайындағы жиналыста алма ағаштарын заңсыз кесу мәселесіне тоқталған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тұрғындар жасыл желектің кесіліп жатқанын айтуда. Оның ішінде алма ағаштары да бар. Мұндай әрекетті жабайылық деуге болады. Олар жазалануы керек. Бірақ жауапты орган қажетті шара қолдана алмай отыр. Алма ағаштарын сақтауды дұрыстап қолға алу керек. Іле Алатауының баурайында алма бақтарын өсіру жайы қатаң бақылауда болуы тиіс.

Тұрғындар болса жасыл желекті сақтап қалу үшін енді кімнен көмек сұрарын білмейді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов