425,25 492.05 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қала қоқыстың астында қалды

  • 93
  • UPD: 03:06, 30.09.2021

ҒққСемей қоқысқа көмілді. Көпқабатты үйлердің жанына қойылған жәшіктер уақытылы тазаланбайды. Жауапты компания мұны әдейі істеуі де мүмкін. Өйткені олар соңғы 6 жылда қызмет ақысы көтерілген жоқ, шығынға батып отырмыз дегенді желеу етіп отыр. Ал тұрғындардың оларға артық ақша төлегісі жоқ.

Надежда Айнатаева коммуналдық қызмет ақысын кешіктіріп көрмепті. Соған қарамастан қоқыстан көз аша алмай отырғанына ашынады. Соңғы күндері қоқыс шығару мүлде тоқтады дейді тұрғын.

Надежда Айнатаева, қала тұрғыны:

– Мына жәшіктердің толғаны соншалықты, қоқыс жерге шашылып жатыр. Балаларымыз осы арада ойнайды. Санитарлық тазалықты айтпағанда, иісінің өзі тұншықтырып барады. Аула емес, атқора сияқты.

Өкініштісі сол, мұндай жағдай жалпы Семей қаласына тән болып барады. Тіпті, орталық көшелердің өзі уақытылы жиналмайды екен.

Наталья Власцова, қала тұрғыны:

– Өткен жазда жағдай мүлде қиын болды. Ыстықтан бұзылған тамақ қалдықтарының иісі бүкіл қаланы алып кетті. Қазір күн салқындағалы көзіміз ашылды. Мына іргедегі дүкен мен емхана қызметкерлері де қалдықтарын осы жерге тастайды. Оны жинап жатқан ешкім жоқ.

Салаға жауапты мамандар жүйені жаңартудың орнына, қызметтің бұл түрінен табыс таба алмай отырғандықтарын айтады. Сондықтан олар тарифті көтеруді сұрап отыр. Себебі қызмет көрсетуші компания сұраған 384 теңгенің орнына, атқарушы билік тасымал ақысын бар болғаны 310 теңге деп белгілепті. Ол қазіргі қымбатшылық жағдайында компанияның шығындарын жаппайтын көрінеді.

Рафаил Хазипов, жеке кәсіпкер:

– Семей қаласы бойынша тарифті бекіткенде тек өңдеу мен қалдықтарды көму шығынын есепке алған. Ал қоқыстарды жинап, тасымалдау кірмей қалды. Салдарынан бұрынғы тариф бар болғаны 8 теңгеге өсті. Бұл тариф 2014 жылы жасақталған. Одан бері ЖЖМ мен басқа да техникалық шығындар екі-үш есе өсті. Егер тарифті көтермесе, біз тасымалдаушы көлік иелерімен есептесе алмаймыз, сол себепті қоқыс шығару мәселесі тығырыққа тіреледі.

Бекітілген тарифке салаға жауапты компания разы емес. Бірақ оған атқарушы биліктің айтар өз уәжі бар. Олар біз алдымен тұрғындардың қамын ойладық, ал қоқыс уақытылы шығарылмаса, оған жұмысын жолға қоя алмайтын мекеменің өзі кінәлі деп отыр.

Амантай Өтелбаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Жұмыстың созылып кетуіне алдымен мекеменің өзі жауапты. Оған тұрғындардың наразылық танытуы орынды. Сондықтан біз олар ұсынған тарифті бектіпедік. Ал компанияға қажет техника мен басқа да шығындарды өтеу -біздің міндетіміз емес.

Әкімдіктегілер жағдай қалыпқа түспесе, тасымалдаушы компаниямен келісімді бұзып, оларды жауапкершілікке тартатындықтарын да жасырмады. Дегенмен, қордаланған келеңсіздікке тұрғындардың да қатысы бар секілді. Себебі Семей қаласы тұрғындарының басым көпшілігі қоқыс тасымалы шығынын төлемейді екен. Мекеме күні бүгінге дейін 120 млн теңгеден аса қаражатын жинай алмай жүр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов

Телеканал Хабар 24