Қазақстан-Қытай шекарасындағы келеңсіздік бағаға әсер етті

«Қазақстан-Қытай шекарасында тұрып қалған вагондар әзір елге жеткізілмеуі мүмкін». Халықаралық тасымалдаушылар осылай күдіктенеді. Сол себепті олар Майқапшағай және Қалжат кеден бекеттерін іске қосуды сұрайды. Құзырлы органдар тарапынан нақты жауап айтылған жоқ. Бірақ шекарадағы келеңсіздік кәсіпкерлерді шығынға батырғаны рас. 

Еліміздегі халықаралық логистикалық компаниялар үкіметке үн қата алмай отыр. Ірі тасымалдаушы Бақтыбай Мырзатаев «Қазақстан темір жолы» құр уәдеге тойдырып келеді» дейді. 15 қазанға дейін 7 мыңдай вагонның 300-і елге жеткізілуі керек-тін. Бірақ олар әлі де шекарада тұр. Қытайлық тарап келеңсіздікке карантиндік шараларды желеу етеді. Тіпті автобекеттегі тасымал да қиындап кеткен. Қазір тасымалдаушылар Қытай жаққа өте алмайды. Салдарынан қадағалаусыз қалған тауарлар бүлініп келеді. Кейде мүлікке қол салатындар да бар екен. Оның үстіне қытайлық брокерлер кедендік қызмет құнын 25 есе арттырып жіберген. Бұрын 1000 доллар болса, қазір 25000 доллар сұрайды. Кәсіпкерлерді сондай-ақ Еуропа мен Азияға қатынайтын вагондардың емін-еркін өтуі ойландырады. Енді күн сайын шығынға батып жатқан 24 ірі логистикалық компания өкілдері Қазақстан үшін Майқапшағай, Қалжат кеден бекеттерін ашуды сұрайды. Себебі уақытты оздыруға мүлде болмайды. Олар 200-ге тарта импорттаушы кәсіпорынмен келісімшарт жасасқан. Оның көбі тендермен айналысады. Тауар сатып, күн көріп отырғандар да бар. Мәселе шешілмесе, бұл өнімдер қажетсіз болып қалуы мүмкін. Өйткені шығынға қарай баға да өсіп, қарапайым тұтынушыға қолжетімсіз болады.  

Бақтыбай Мырзатаев, халықаралық логистикалық компания жетекшісі:

– Жаз бойы тауарға жіберген вагондарымыздың бірі де қайтарылмады. Автобекеттен де қайыр болмай тұр. Қытайлық тарап экспорттық декларацияны беруді қойды. Мұндай жағдайды пайдаланбақ болған пысықайлар бар. Олар жүк көліктерімізді ерте қайтаруға көмектесеміз деп, 25 мың долларға дейін ақы сұрайды. Үкіметке біз шыға алмаймыз. «Қазақстан темір жолы» мәселені шешеміз деп отыр. Біз бұрын өзге тасымалдаушылармен бәсекелес болсақ, қазір мұңдас болып қалдық. Бәріміз де тауар тапшылығына тап болатынымызды сеземіз. Менің 15 вагоным шекарада тұр. Миллиондаған шығынға баттым. Ал кәсіпкерлер бізбен байланысты үзіп жатыр.

Қытай-қазақ шекарасындағы жағдайды еліміз форс-мажор деп бағалады. Бақтыбай Мырзатаев мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерге тиісті жағдай жасауға асықпайтынын айтып қалды. Аз уақытта дайындалуы қажет құжаттардың соңынан бір ай жүгіру керек екен. Тағы бір логистикалық компания жетекшісі Еркін Хамит бұл мәселемен шілдеден бері күресіп келеді. Оның айтуынша, Қытайда тауар қымбаттамаған. Бірақ біздің елге тиімсіз бағада келеді. Әрі жүктің мерзімінен кешіктірілуі салдарынан тасымалдаушылар клиенттерінен айырылып жатыр. 

ӘУЕЖАЙЛАРҒА АВИАОТЫН КЕЛЕСІ АЙДА ЖЕТКІЗІЛЕДІ

Ай соңына дейін еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары қосымша 2000 тонна авиаотын шығарады. Ірі тасымалдаушылар келесі айда оны әуежайларға жедел жеткізуге кіріседі. Бұған дейін отын тапшылығын алға тартқан Елордадағы әуежайға қосымша 700 тонна авиаотын жеткізілетін болады. Бұл туралы құзырлы министрлік хабарлады. Дегенмен әуежайларға мұндай мәселені өзінше шешуге кеңес берілді. Тек ірі емес, шағын тасымалдаушылармен де байланыс орнатылу қажет. Ресейден де авиаотын тасу мүмкіндігі бары ескертілді. 

ЖҰМЫС КҮШІ АЗАЙЫП ЖАТЫР

Пандемия әлемдегі еңбек нарығына кері әсер етті. Әсіресе, дамуы кешеуілдеп жатқан мемлекеттер үшін соққы болды. Бұл туралы Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Гай Райдер айтты. Бұған дейінгі болжамға сай биылғы жазда 100 млн жұмыс орны жабылуы тиіс еді, алайда 125 млн құрдымға кетті. Осы еңбек нарығындағы ең жайлы көрсеткіш Еуропа мен Орталық Азияда тіркелді. Араб елдері тізім соңында тұр. Әсіресе, жастардың дені жұмыссыз қалған. Халықаралық еңбек ұйымындағылар дамушы және дамыған мемлекеттердегі вакциналау қарқыны нарыққа оң әсер еткенін айтады. Қазан айында кірісі аз елдерде толық екпе алғандар саны 2 процентке де жетпеген.

ЗАМАН ТАЛАБЫНА ІЛЕСЕ АЛАМЫЗ БА?

Ал жаһандық компаниялардың жартысына жуығы фриланстардың санын көбейтпек. Сұраныс бұған дейін де пайда болды. Соңғы он жылда жұмысшы мен жұмыс беруші арасында көпір болатын сандық еңбек платформалары 5 есе артқан. Ондай сайттар арқылы әрбір фрилансердің жүктелген міндетті қашықтан онлайн атқаруға мүмкіндігі бар. Қазақстанда мұндай қызмет электронды еңбек биржасы базасында іске қосылмақ. Дегенмен оңтайлы кестемен жұмыс істеу бәріне тиімді емес. Пандемия себепші болған гиг-жұмысшыларға ешқандай әлеуметтік пакет ұсынылмайды. Яғни компания цифрлық алаң арқылы тапсырыс орындаушыны тауып, онымен қысқамерзімді келісімшарт қана жасасады. Жалақы нақты атқарылған жұмысқа қарай төленеді. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы елде қарқын алып келе жатқан бұл үрдісті ұлттық ділге сай рәсімдеуді ұсынады. Яғни жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіби білікті арттыру жүйелерін жетілдіру, сонымен қатар жұмыс табуға жәрдемдесу қажет. Әрі технологиялық өзгерістер кірістен гөрі, өнімділікті арттыратынын ескеру керек. Осы ретте орталық сарапшылары инклюзивті алаң құрудың маңызына тоқталды. Алдағы 5 жылда елімізде 1 млн қосымша жұмыс көзіне сұраныс болады. Демек, бәсекелестікке кедергі келтірмеудің бар амалын жасау қажет дейді мамандар.

Материалы по тегу