БҚО-да әлі күнге ауыз судан тарығып отырған ауылдар бар

Батыс Қазақстан облысында тұрғын саны 200-ден  аспайтын шағын ауылдарға су тазартатын кешенді блок модульдар орнатылады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Мақсат – ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамту. Аймақта «Ақ бұлақ» және «Нұрлы жер» бағдарламалары арқылы 4 мыңнан аса су құбыры  жаңартылып, 230 ауыл таза сумен қамтылған. Бұл мақсатқа 32 миллиард теңге бюджет қаржысы жұмсалыпты. Осылайша елді мекендерді ауыз суымен қамту көрсеткіші 88,4 процентке жетті. Дегенмен әлі күнге ауыз су тапшылығын көріп отырған ауылдар бар.

Коловертное ауылында қазір небары 130 шақты тұрғын қалған. Шағын ауыл болғандықтан әлеуметтік нысаны да аз. Дариға Мырзаева осы ауылдың байырғы тұрғыны. Ауыз суды осылай құдықтан алып ішеміз, басқа амал жоқ,- дейді ол.

Дариға Мырзаева, Коловертное ауылының тұрғыны:

– Қыстың күні үйден мал суарамыз, ауыз су сол. Бұрын қазғанда тұщы болды құдығымыз жақсы болды. Содан кейін осы үйде 40 жыл тұрамыз енді, 40 жылда судың да сапасы болмайды ғой. Үйге кіріп тұратын су болса жақсы болар еді.

Түйткілдің түйінін тарқатудың бір жолы – шағын елді мекендерге кешенді блок модульдар орнату. Әр блок модульдің құны 12-17 миллион теңге шамасында. Ал оны жыл сайын күтіп ұстауға кемі 2 миллион теңге жұмсалады.

Мейрам Қайыржанов, Ақжайық аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы:

– Осы Коловертное ауылында алдыңғы жұмада келіп суды шығарып кетті жер асты суларын. Келесі жұма келіп кешенді болк қойып, ішінде фильтрі болады. Тазартып ішіуге пайдаланатын болады.

Сергей Рабцевич, кәсіпорын директоры:

– Қондырғының жұмысы толықтай автоматтандырылған. Электр қуатын үнемдеуге мүмкіндік береді әрі ешқандай химиялық қоспалардың қажеті жоқ. Оны кез келген ауылға орнатуға болады. Нәтижесінде тұрғындар тазартылған тұщы су тұтынады ғой.

Аймақта жыл соңына дейін алпыстан аса ауылды орталықтандырылған су жүйесіне қосу жоспарда.

Әлібек Антазиев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

– Орталықтандырылған сумен қамтамасыз құны өте қымбатқа түседі. 15-20 шақырым құбыр тарту үшін кемі 500-600 миллион теңге бюджет қаржысы жұмсалады. Сондықтан халық саны екі жүзден аспайтын елді мекендерге осындай кешенді модульдер қойған тиімді.

Қазір халық саны 200 адамнан аспайтын 9 ауылда осындай кешенді блок модульдар орнатылып жатыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджет есебінен 113 миллион теңге қаржы бөлінген. Алдағы үш жылда осындай қондырғылармен 120 шағын ауылды қамту жоспарда бар.

Авторы: Талғат Серікқалиұлы