379.19 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Түркістан облысында полиция жоғалған жылқыларды тауып беруге көмектесті

  • 121
  • UPD: 10:05, 08.04.2019

Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғынына жоғалған жылқыларын табуға көмектесті.

Келес ауданының тұрғыны 18 бас жылқысының жоғалғанын білгеннен соң өздігінен іздеуге кіріскен. Үш күн бойы іздеген іс-әрекеттері нәтиже бермегендіктен, жергілікті учаскелік полицейге көмек сұрап барған. Нәтижесінде тәртіп сақшылары ондаған шақырым жердегі көрші ауылдан жоғалған жылқыларды тапты. Белгілі болғандай, мал иесі жылқыларды жайылымда қараусыз қалдырған, сондықтан жылқылар жайылымнан ұзап кеткен. Атқарылған іс-шаралардан кейін полицейлер жоғалған түліктерді заңды иесіне қайтарды.

Талдықорғанда жергілікті колледждердің студенттерін тонаған Қаратал ауданының 25 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның үстінен полицияға 5 жәбірленуші шағым түсірген. Барлық дерек соңғы бір апта ішінде тіркеліп отыр. Тонаушыдан жәбір көргендердің барлығы да кәмелеттік жасқа толмаған өрендер екен. Қазіргі таңда полицейлер ұсталған күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. 

Алматы облысының тұрғыны қайырымдылыққа арналған жәшіктен он мың теңге ұрлаған. Оқиға Кеген ауданындағы мешітте болған. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында еш жерде жұмыс істемейтін Қақпақ ауылының 23 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдікті ұрлықты мас күйінде жасағанын мойындады. Аталған дерек бойынша тергеу шаралары басталып, күдікті ер адам ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

Павлодардағы №1 қалалық аурухананың мамандары 26 жастағы Александр Ивановтың өмірі үшін күресіп жатыр. Ол жуырда Ақсу қаласында болған өрттен зардап шеккен еді. Жас жігіт облыс орталығына санавиациямен жеткізілді. Оның денесінің 60% процентін күйік шалған. Естеріңізге сала кетсек, сәуірдің 3-де отбасылық отырыста 51 жастағы ер адам өзін өзі өртеп жіберген болатын. Ал оқиға орнында көз жұмған 45 жастағы жұбайы 80% күйікпен жансақтау бөлімінде жатып қайтыс болды. Бұл отбасының ұлы да қазір ауыр жағдайда жатыр.

Алакөл ауданы Достық станциясында от жағуға арналған 350 ескі шпал өртенді. Қызыл жалын 2 сағаттан кейін ғана ауыздықталды. Өрт сөндіруге ТЖ департаментінің қызметкерлері мен арнайы техникасы, сондай-ақ өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Телеканал Хабар 24