379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


БҚО-ның су тоғанында балық қырылып қалды

  • 143
  • UPD: 13:52, 08.04.2019

Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданындағы Қарасу тоғанында балық қырылу фактісі тіркелді.

Жалпы салмағы 3 тоннадан асатын балық мұз еріген соң жағаға шығып қалған. Басым бөлігі әрқайсысы 40-50 грамм болатын майда шабақтар. Оқиға орнында болған мамандар биологиялық сараптама жүргізу барысында өлген балықтан паразитологиялық белгілердің анықталмағанын айтады. Ал судың құрамына жүргізілген санитарлық-химиялық сараптаудың қорытындысы таяу күндері белгілі болмақ. Алдынала болжам бойынша суасты тіршілік иелеріне ауа жетпей тұншыққан. Себебі Қарасу тоғаны балық өсіруге емес, ауылға керекті техникалық су алуға арналған тоған болып саналады. Ең терең деген жері 1-2 метрден аспайды.  

Қайрат Ибраев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының бөлім басшысы:

- Биыл қар аса қалың болды. Сол себепті су астындағы оттегі қоры азайып, балық тұншыққан деп санаймыз. Мұндай оқиға 2017 жылы да болған еді. Енді тағы қайталанбас үшін біз өз тарапымыздан жергілікті әкімдікке су қоймасын не мүлде құрғатуды, не ішіндегі балықты күзде толық аулап алуға кеңес беріп отырмыз.

Телеканал Хабар 24