384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Қарағанды облысында шамадан тыс жүк тиеген көліктер батып қалды

  • 639
  • UPD: 22:40, 15.04.2019
Қарағанды облысында шамадан тыс жүк тиеген көліктер батып қалды

Қарағанды облысында шамадан тыс жүк тиеп алған екі ауыр көлік жолға батып қалды. Олар Аршалыдан Нұра ауданына қиыршық тас тасыған.

Тәртіп сақшылары тексергенде, сақтандыру полисі және жүкке тиісті құжаты болмай шықты. Осыдан соң, екі жүргізуші де көліктерін тастап қашып кеткен. Қазір оларды полиция іздестіріп жатыр. Мамандардың айтуынша, бір көліктің салмағы жүкпен қосқанда шамамен 70 тоннаға жуықтайды екен. Ал облыстық маңыздағы бұл жолмен мұндай жүк көліктеріне жүруге тиым салынған. Сондықтан ауыр салмаққа шыдас бермей, асфальт опырылып кеткен. Көктемгі ылғалдан соң, жол астындағы топырақтың босауы да себеп болуы мүмкін дейді мамандар. Айта кету керек, қос ауданның арасын жалғайтын жол соңғы рет 2014 жылы жөнделіпті.

Дастан Жұмақұлов, көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы:

- Құжатсыз тауар тасығаны және шамадан тыс жүк тиегендері үшін біз екі жүргізушіге де әкімшілік іс қозғадық. Енді көліктерді сүйреп шығарған соң, таразыға салып, жүктің нақты салмағын анықтаймыз. Ол үшін бірінші, жүргізушілерді табу керек, қазір полиция оларды іздеп жатыр.

Телеканал Хабар 24